Еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс бар?

Еліміздің жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы жаңа талаптарға сай маман даярлай бастады.

Оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық экономика, азық-түлік және су қауіпсіздігі, сондай-ақ электр энергетикасы саласына қажетті мамандықтар бар. Мысалы, биыл Семейдегі университеттердің бірі білім берудің жаңа бағдарламаларын қабылданды. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Еңбек нарығындағы сұранысқа қарай маманға қойылатын талап та жаңарады. Жұмыс берушілерге цифрлық технологияны меңгерген, жасанды интеллект пен автоматтандыру құралдарын тиімді пайдалана алатын кадр қажет. Осыны ескерген жергілікті университет биыл білім беру бағдарламаларының қатарын толықтырды. Солардың бірі - «Азық-түлік қауіпсіздігі және нутрициология» бағдарламасы. Студенттер азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін, өндіріс технологияларын және нутрициология негіздерін меңгереді. Ал «Су ресурстары және трансшекаралық қауіпсіздік» бағдарламасы су ресурстарын тиімді басқаруға қажетті маман дайындайды. Жасанды интеллект пен цифрландыруға да басымдық берілді. «Цифрлық экономика және жасанды интеллект» бағдарламасы экономика мен заманауи технологияларды ұштастырады. Ал «Жасанды интеллекті бар информатика» бағдарламасында студенттер деректерді талдау, интеллектуалды жүйелер және цифрлық басқару бағыттарын меңгереді. Өнеркәсіп пен энергетика саласына қажетті мамандар да даярланады. «Электрлік автоматтандыру және электрмен жабдықтау жүйесін басқару» бағдарламасы заманауи өндіріс пен энергетикаға қажетті инженерлер дайындауға бағытталған.

Динара Оспанова, Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

- Шәкәрім университетінде 200 мекемемен келісімшарт бар. Абай облысында қандай ірі кәсіпорын бар болса, солармен бізде келісімшарт бар. Содан кейін практик мұғалімдер. Қазіргі таңда 86 практик мұғалім жұмыс істейді. Әр білім беру бағдарламасында 20 пайыз практик мұғалім болуы қажет. Қазір солармен біз жұмыс істеп жатырмыз. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Жаңа бағдарламалардың мақсаты - еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлау. Яғни студенттерге теориялық біліммен қатар цифрлық технологиялар мен заманауи өндірісте қажет практикалық дағдыларды қалыптастыру. Университет өкілдерінің айтуынша, бүгін мамандық таңдаған жас ертеңгі еңбек нарығының талаптарын да ескеруі керек. Сондықтан жаңа бағдарламалар білім мен экономиканың өзгермелі сұранысын байланыстыратын маңызды қадам.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: