Щучинскіде дәмханадағы жарылыстан жеті адам көз жұмды
Түнде Щучинск қаласындағы дәмханалардың бірінде жарылыс болды.
Артынша өртенген.
Құтқарушылар ғимараттан 8 газ баллонын алып шыққан. 10-нан астам адам құтқарылды. Облыс әкімдігі таратқан ақпарат бойынша барлығы 26 адам зардап шеккен. Оның ішінде, өкінішке орай, 7 адам көз жұмған. Арасында 16 жастағы қыз бала бар. 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліп, 6-уы амбулаториялық бақылауға жіберілді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына хабарлама түскеннен кейін 5 минут ішінде жеткенін айтады.
Медициналық бригадалар және санитарлық авиация да жасақталған. Ақмола облысының әкімдігі қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Ақмола облысы Төтенше Жағдайлар Департаментінде 8 (7162) 514-298 жедел желі жұмыс істеп тұр.
Алтынай Әміренова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:
«Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түсті. Қазіргі уақытта 6 науқасты Көкшетау қаласындағы көп салалы облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізілуде. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медициналық мамандар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті көлемде бар. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетілуде».