Қазақстан-Моңғолия байланысы артып келеді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен мемлекеттік сапармен келген мейман арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланады.
Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттерінің шекаралары шектеспесе де саяси-экономикалық байланысы берік. Қос ел достығының алғашқы қазығы осыдан 34 жыл бұрын қағылды. Содан бері Қазақстан-Моңғолия арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында түрлі келісім шарт жасалып келеді. Алыс-беріс, барыс-келіс көбейіп, стратегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қойылды.
Гунаажавын Батжаргал, Моңғолияның Қазақстандағы Елшісі:
- Қазіргі таңда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейінде дамып жатыр. Әсіресе екі ел арасындағы байланыс 2024 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға жасаған сапарынан кейін қарқын алды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық та тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл жолғы Моңғлия Президентінің Астанаға сапары кезінде ол экологиялық саммитке қатысып, бірнеше маңызды мәлімдеме жасайды. Екі халық арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге үлкен мүмкіндік бар.
Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 3 есеге өсіп, 133 млн доллардан асты. Елден экспортталатын жүктің 90 пайызы дайын өнім. Соның ішінде азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларының үлесі көп. Сарапшылар бұл статистика алдағы уақытта айтарлықтай өседі деген сенімде. Өйткені екі елдің ынтымақтастық әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сол себепті болашақта қос мемлекет арасындағы сауда көлемі 500 млн долларға жетеді деген болжам бар.
Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Моңғолиямен байланысымызды арттыруға болатын әлі де пайдаланылмаған үлкен мүмкіндіктеріміз бар. Қазақстанның Моңғолия үшін стратегиялық серіктес ретінде таңдалуы орынды. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық әлеуетке ие ел. Сонымен қатар көлік және логистика саласындағы негізгі серіктес болып табылады. Қазақстан үшін Моңғолия көлік пен логистикада әртараптандыруға мүмкіндік беретін ел, бірақ қазіргі жағдайда Моңғолия үшін Қазақстан әлдеқайда маңыздырақ.
Бұдан бөлек білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Мәселен бүгінде біздің елде Моңғолияның шамамен 1200 студенті оқып жатыр. Осыны ескерген қос мемлекет білім алушылар үшін грант санын арттыруды қарастыруда. Ал Ұлан Батырда Абай атындағы институт ашу жоспарланып отыр.