Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті✔️, деп хабарлайды 24KZ Ақорданың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі және перспективасы талқыланды.✔️

Мемлекет басшысы Ұйыммен ықпалдастықтың жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне тоқталып, сондай-ақ еліміздің жаһандық бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.✔️

Кездесуде климат пен денсаулық сақтау бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу, цифрлық трансформацияға арналған бастамаларды ілгерілету және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қарастырылды.✔️

Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.✔️

ДДҰ басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау арқылы саяси реформалар мен экономикалық өрлеудің табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.✔️

Оның айтуынша, Ұйым Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейде экология мен су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайды.✔️

Кездесу соңында Бас директор Мемлекет басшысына Ұйымның елімізге дәрілік заттардың айналымын реттеу саласын жетілдіру бойынша 3-ші деңгей берілгенін растайтын хатты табыстады. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігін көрсетеді.✔️

Қазақстан мұндай дәрежеге ТМД елдері арасында бірінші, ал Еуропа аймағында төртінші болып қол жеткізген.