Қ. Тоқаев білім ордаларында суды үнемдеуді дәріптейтін жобаны енгізуді тапсырды

Енді білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамалар қолға алынып, «Жасыл сабақтар» жобасы енгізіледі.

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына қатысып, сөз сөйлеген Президент Оқу-ағарту министрлігіне осындай тапсырма берді. Айтуынша, мұндай бастама экологиялық мәдениетті бала кезден қалыптастыру үшін аса қажет. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев үй жануарларына қатыгездік көрсеткендерге жазаны күшейту қажеттігіне де тоқталды.

Елорданың сол жағалауындағы жаңа жасыл кеңістік. Бұл Астананың ажарын аша түскен «Самал» саябағы. Таңнан бастап бұл жерде экобелсенділер қолдарына күрек ұстап, аумақты көгалдандыруға кіріскен.

Ақнұр Тұрдалиева, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы:

- Біз жыл сайын 3 мыңға жуық эковолонтер дайындаймыз. 20 мыңға жуық ағаш отырғыздық. Мыңдаған тонна қоқыс жинадық. Балаларымызды полигонға да апарып көрсеттік экскурсияға.

Экобелсенділер қатарына бүгін Президент те қосылды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызып, аумақта жүріп жатқан жұмыстармен танысып шықты. Негізі айта кету керек, 2 жыл бұрын басталған жалпыұлттық қозғалыс барысында республика бойынша 2 млн тонна қоқыс жиналып, 5,5 млн ағаш отырғызылған. Жал сайын экоакцияға 6,5 млн адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР  Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Акцияларды бір жүйеге келтіру үшін жалпы осы акциялардың күнтізбесін жасап, әр сенбі, жексенбі күндері, жай күндері болатын өңірлердегі іс-шаралардың барлығының тізбесін жасап, биылғы жылы «Таза Қазақстан» аясында іс-шара өткіземіз.

Бүгін тек елордалықтар ғана емес, жалпы республика бойынша отандастарымыз сенбілікке шықты. Аймақтарда да тал егіліп, қоқыс жиналып, бұлақ көзі ашылып, елді мекендер абаттандырылды. Табиғатқа жанашырлық танытқан жұрттың белсенділігі экологиялық мәдениеттің артып келе жатқанын аңғартады. Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар, және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері мен экобелсенділері телекөпір арқылы қосылып, жалпыұлттық экологиялық акция аясында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Негізі кейінгі 5 жылда елді мекендерде 18 млн-нан астам ағаш егілген. Алдағы уақытта 1 млн 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экоаумақ құрылмақ. Экобелсенділер алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналғандығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір әлемде қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруіне байланысты көптеген сын-қатер пайда болды. Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Халықаралық қауымдастық табиғатты қорғау мәселесіне баса мән беріп отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты бастамалар көтеріп келеді.

Еліміздің жарқын болашағы сіздер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті азаматтардың қолында. Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал.

Экологияға қатысты елде соңғы кездері оң өзгерістер байқалады. Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Аймақтарда ілкімді істер атқарылып, ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өз сөзінде Президент адамдардан қорлық көріп жүрген үй жануарларының да мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы төрт аяқтыларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қылмыстық жазаны күшейту керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Негізі қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын. Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды.

Тазалықтың тірегі тәрбие. Сондықтан да балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке ерте жастан бастап баулу қажет. Яғни жұмысты мектеп қабырғасынан бастау маңызды. Осы ретте Президент Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды. Ал өзгелерге үлгі көрсетіп, өз замандастарының алды болып жүрген бір топ азаматқа бүгін Мемлекет басшысы марапат табыстады.

Ринат Ақәділ, волонтер:

- Осы марапатқа ие болып, қуанышымда шек болмай, Президенттің қолынан Алғыс хат алу, Жамбыл облысынан келіп тұрып алу бұл барша Жамбыл облысының жастарының жетістігі деп білемін. Енді «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосуға барша жастарды шақырамын. «Таза Қазақстан» - бұл біздің болашағымыздың жасылдануы, көркеюі. 

«Таза Қазақстан» елді жаңа деңгейге көтеретін маңызды ұлттық идеяға айналуы керек. Оны халық санасына сіңіру үшін мәдениет пен креативті индустрияның мүмкіндігін кеңінен қолданған жөн. Жастармен кездесу соңында осылай деген Президент еңбекқорлық, ұқыптылық, адалдық сияқты құндылықтарды фильмдер мен сериалдар арқылы да насихаттау қажеттігін айтты. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің рөлі ерекше. Тағы Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидаты берік ұстанып, қастерлі Отанымызға адал қызмет етуге шақырды.

Риат Шони, Ержан Қанапияұлы