Қ. Тоқаев пен Р. Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты.

Мемлекет басшысы бұл форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты. Президент Қазақстанда түрік компанияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.  

– Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етті.  

– Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет. Былтыр еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі 6,5 пайызға өсіп, 300 миллиард доллардан асты. Бұл ішкі нарықтың тұрақтылығы мен зор әлеуетін көрсетеді. Біз осы үрдісті күшейте түсуге ниеттіміз. Бүгінде Қазақстан білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндет. Өздеріңізге мәлім, наурыз айында елімізде жалпыхалықтық референдум өтті. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Еліміздің бас құжаты инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Алайда шетелдік және отандық кәсіпкерлердің заңдарымызды бұзуға құқы жоқ. Конституцияға енгізілген «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша әр азамат заң алдында бірдей жауап береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі ретінде атады.  

– Қазір осы салада ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер Altyn Visa бағдарламасының игілігін қолдана алады. Бірегей визаның негізгі мақсаты – инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну. Түрік кәсіпкерлерін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын. Елордамызда Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) белсенді жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Бұл – инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған аймақтағы жетекші хаб. Орталық Ыстанбұл, Лондон, Дубай және Нью-Йорк қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін қолдана отырып, ағылшын құқығына сәйкес жұмыс істейді. Мұнда 90-ға жуық елдің 5 600-ден астам компаниясы тіркелген. Соның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жұмыс істейтін 73 түрік компаниясы бар. Бұдан бөлек, Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасының арасындағы серіктестік нығаюда. Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейте беруге мүдделі. Біздің білуімізше, Түркияда Президент Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен ұлттық экономикаға ауқымды инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылданатын болды. Лайықты кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік пен артықшылықтар беріледі екен. Біз бұл бастаманы міндетті түрде сараптаймыз, қажетті тұстарын пайдалануға тырысамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет деп санайды.  

– Бұл салада нақты жетістіктеріміз бар. Осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 миллиард долларға тең 142 жоба жүзеге асты. Солардың қатарында тұрған YDA Holding компаниясын атап өткім келеді. Бұл компания елімізде көпсалалы өндіріс кешенін ашты. Сонымен қатар алюминий өндірісін жандандырып, медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Ал Panelsan, Betek Boya кәсіпорындары құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты жобаларды жүзеге асыруда. Aksa Energy компаниясы Қызылорда облысында заманауи электр станциясын іске қосты. Бұл жобалар Қазақстанның өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің пікірінше, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту айрықша маңызды.  

– Қазақстан – Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған мемлекеттердің бірі. Қазір осы бағыттағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз, Қазақстанның тасымал саласындағы әлеуетін арттыруға оң ықпал етуде. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36 пайызға көбейді. Көп ұзамай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. «Орта дәліз» жобасын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын. Бұдан бөлек, түрік кәсіпкерлері еліміздің әуежай инфрақұрылымына қомақты инвестиция салғанын ерекше атап өткен жөн. Қазір TAV Holding компаниясы Алматыдағы халықаралық терминалды жаңғыртуда. Ал S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе әуежайында логистика орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Қазақстандағы әуе тасымалының әлеуетін арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін мәлімдеді.

– Қазақстан егін алқаптарының аумағы бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ еліміз астық экспорттайтын ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Былтыр диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсті. Осылайша, Қазақстан Global Food Security индексі бойынша 32-ші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 25 пайызға артты. Алайда, елдеріміздің бұл саладағы әлеуеті зор. Мысалы, Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салмақшы. Сондай-ақ İskefe Holding кәсіпорны желатин өндірісін қолға алмақ. Alarko Holding компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Осы жобалардың барлығы өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, экспорттық әлеуетімізді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Бұдан бөлек, біз заманауи агротехнологияны енгізуге, суару жүйесін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Өз тарапымыздан Түркияға «халал» стандартына сай келетін ет өнімдерін экспорттауға дайынбыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібі мен медицина инфрақұрылымын дамытуды өте маңызды бағыт санайтынын жеткізді.

– Түркияның Abdi İbrahim және Nobel секілді дәрі-дәрмек өндіретін ірі компаниялары шетелдегі алғашқы зауыттарын Қазақстанда ашқан болатын. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр. Ал Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салмақшы. Біз бұл бастамаларды толық құптаймыз. Еліміз түрік компанияларымен тығыз жұмыс істеуге және оларға қолайлы жағдай жасауға әзір. Осы жобалар Қазақстанның аймақтағы дәрі-дәрмек өндіретін және оны экспорттайтын орталық ретінде қалыптасуына зор ықпал етері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық экономиканы дамытуды аса маңызды міндет ретінде атап, жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлуге шақырды.

– Біз озық технологияларды түрлі салаға енгізу жұмысына ерекше мән беріп отырмыз. Қазақстан нағыз цифрлық ел болу үшін нақты қадамдар жасауда. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Біз екі ірі суперкомпьютерді іске қостық. Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз еліміздегі орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу үшін ауқымды шараларды жүзеге асыра бастадық. Осыдан екі күн бұрын мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Атап айтқанда, қазір еліміздің алдында білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, дербес деректерді қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, технологияны меңгерген педагогтерді даярлау міндеті тұр. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге айрықша назар аударып отырмыз. Жаңа Конституцияда бұл шаһарға «қарқынды дамитын қала» құқықтық мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияның, инновация мен технологиялық бизнестің өркен жаюына зор мүмкіндік береді. Соңғы жылдары түрік бизнесінің қазақ маркетплейстерімен байланысы нығая түсті. Мысалы, Kaspikz Hepsiburada компаниясын сатып алды. Freedom Holding Түркияда цифрлық экожүйесін құрып, брокерлік қызметін жандандыра бастады. Біз түрік компанияларымен жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет салаларында нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға қашанда дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Түркия Президенті қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген басшылығымен Қазақстанның экономика саласында жеткен жетістіктерін жіті бақылап отырамыз. 2025 жылы елдің ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға жетіп, жан басына шаққанда 15 мың долларға жақындады. Бүгінде Қазақстанды сыртқы сауда айналымы 145 миллиард долларға жеткен Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел ретінде білеміз. Осы өсімнің нәтижесінде Қазақ елі 2025 жылы түркі әлеміндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесімізге айналды. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Мақсатымыз – 15 миллиард долларлық межеге жету, – деді Режеп Тайип Ердоған.