Әлемде хантавирус жұқтырғандар саны артты

Нидерландтық круиз кемесінде 8 адам хантавирус жұқтырды. Дерті асқынғандардан бөлек, онға жуық адам эвакуацияланған.

Кеме Тенерифке жеткен соң, өзге жолаушылар өз еліне қайтады. Ал Испанияның 14 азаматы 45 күнге карантинде қалады.

Қазір Еуропа мен Африка елдерінің билігі, кемеден өз еркімен түсіп қалған 40-қа жуық жолаушыны іздеп жатыр. Лайнер сапарын сәуір айында Аргентинадан бастаған. «Ал бұл аймақта хантавирустың Андес деп аталатын түрі кең таралған», - дейді мамандар. 

Нидерландтың круиздік кемесінде 28 елден келген 150-ге жуық саяхатшы болған. Әзірге 11 адамның хантавирус жұқтырғаны белгілі. Олардың үшеуі көз жұмды. Тиісті медициналық талдаулардың нәтижесінде азаматтардың хантавирустың Андес деп аталатын түріне шалдыққаны анықталды. Ол көбіне Оңтүстік Америка-Чили мен Аргентинада кездеседі. Жағдайдың шиеленіскенін байқаған 40-қа жуық демалушы жолай кемежайларда түсіп қалған. Бұл туралы Нидерланд билігі хабарлады. Қазір олар іздестіріліп жатыр. Өйткені олар вирусты әрі қарай тасымалдауы мүмкін. Сапар бағдарламасына сәйкес лайнер Антарктика мен Фолкленд аралдарына баруға тиіс еді. Алайда аурудың ушығуына байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Қазір кеме Тенерифке бет алды.

Рухи Дженет, жолаушы:

- Кеме капитаны жолаушының қазасы қандай да бір инфекциямен байланысты екенін айтпады. Осыдан соң, біз алаңсыз демалысымызды жалғастырдық. Өзге жолаушылармен бірге тамақтанып, қоғамдық іс-шараларға қатыстық. Егер оның вирус жұқтырғанын білгенде, бөлмемізден шықпай, бетперде тағып, барынша сақтанатын едік. Мұның бәрінің алдын алуға болар еді. Жүздеген жолаушы мінетін кемеде алдын ала тексеріс жүргізілуге тиіс деп ойлаймын. Біз сапарымызға шамамен 10 мың доллар төледік. Бұл арзан баға емес. Сондықтан борттағы медициналық қолдау осыған сай болуы керек.

Жылына 100 мың адам хантавирус жұқтырады

Оңтүстік Кореяда Хантан атты өзен бар. Ғалымдар хантавирустың алғашқы жағдайы Корей соғысы кезінде солдаттар арасында тіркелген деп есептейді. 1990 жылдары хантавирус Америкада тарала бастады. Негізгі тасымалдаушылар – кеміргіштер. Ауру жануарлардың сілекейі мен нәжісінен ауа арқылы тарайды. Алайда инфекцияның сирек кездесетін Андес түрі адамнан адамға жұғуы мүмкін. Кемеде вирус тығыз байланыста болған жолаушылар арасында тарап отыр. Инфекция белгілері кемінде 1 аптадан кейін байқалады. Кәдімгі тұмауға ұқсас: алдымен қызу көтеріліп, бас пен буындар ауырады. Ауру асқынған жағдайда жөтел қысып, қан қысымы көтеріліп, науқас демігуі мүмкін. 2023 жылы Аргентинада хантавирустың 100-200 жағдайы тіркелген. Ал әлем бойынша жыл сайынғы көрсеткіш 100 мыңға дейін барады.

Джулия Галло, Пирбрайт институтының ғылыми қызметкері:

- Вирустың түріне байланысты науқастарда сан алуан ауру қозуы мүмкін. Көбінесе, Америка мен Австралияда хантавирус өкпе, жүрек ауруларына әкеледі. Өлім-жітім көрсеткіші 40 пайызға дейін жетеді. Ал Еуропа, Азия, Африкада анықталған хантавирус түрлері бүйрек жұмысының нашарлауына себепкер болады. Мұндағы өлім-жітім деңгей едәуір төмен – 15 пайыздан аспайды.

Круиздік демалыс қауіпті ме?

Сарапшылардың айтуынша, круиздік кемеде вирустың таралу қаупі жоғары. Өйткені демалушылар, әдетте, ортақ дастарханнан тамақтанады. Ұзақ сапарға аттанып, апталап теңізде жүреді. Сондай-ақ демалыстың бұл түрін, көбіне, егде жастағы адамдар таңдайды. Пандемияға дейін круиз жолаушысының орта жасы 55-66 болса, қазір 45-47 жас. Олардың иммундық жүйесі түрлі вирустарға төтеп бере алмауы мүмкін. Оның үстіне сапар аясында кеме шалғайда жатқан аралдар мен елді мекендерге жиі аялдайды. Ондағы медицинаның нашар екенін ескерсек, инфекция жергілікті тұрғындар үшін де қауіпті.

Дэниел Бауш, Женева институты денсаулық сақтау жаһандық орталығының профессоры:

- Круиздік лайнерде жүздеген адам шектеулі кеңістікте бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сондықтан жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары. Ол инфекциялардың қатарына енді хантавирусты да жатқызуға болады. Дегенмен бұл вирус сирек кездеседі. Сондықтан байбалам салудың қажеті жоқ. Тек оған дайын болу қажет.

Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің COVID-19 сияқты кең таралмайтынын атап өтті. Бүгінде хантавирусты арнайы емдеу жолдары жоқ. Вакцина да шығарылмаған. Дәрігерлер бар болғаны респираторлық, жүрек және бүйрек ауруларының алдын алуға тырысады. Мамандар: «Бұл жаңадан пайда болған вирус емес. Оны алғаш рет естіп тұрғанымыздың себебі – сирек кездесетінінде. Сондықтан дабыл қағудың қажеті жоқ», - дейді.