Орта дәліздің жүк өткізу мүмкіндігі 3 есе артады

Орта дәліздің жүк өткізу мүмкіндігі артады. Ендігі меже 2040 жылға қарай жүк көлемін 32 млн тоннаға жеткізу. Дүниежүзілік банктің болжамы бұл. Ал транзиттік елдердің жалпы ішкі өнімі 3 пайыз өсуі мүмкін. 

Қазақстан Каспий жағалауына тағы бір жаңа порт тұрғызады. Қыс өтісімен құрылыс басталады. Бұл порт Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктің көлемін одан әрі арттыруға тиіс. «Бұл – нарық» айдарына кезек берейік. 

Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Еуропа мен Азияны жалғап тұрған ірі сауда жолына айналды. 2040 жылға қарай теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 32 млн тоннадан асады. Яғни 2023 жылғы базалық көлемнен 3,6 есе артады. Дүниежүзілік банктің болжамы осындай. Дәліз бойындағы транзиттік елдердің жалпы ішкі өнімі 3,3 пайызға өседі. Бұл тұста ең жоғары өсім Қазақстан мен Түркияға тиесілі болуы мүмкін. Өйткені Қытайдан жіберілген жүк Каспийге қазақ даласымен өтеді. Ал Каспий мен Қаратеңізден әрі қарай Еуропаға шығатын негізгі нарық —Түркия. Яғни бауырлас екі ел сауда жолының негізгі қақпасы іспеттес.

Орта дәлізге $25 млрд инвестиция салынуы мүмкін

Орта дәліздің негізгі транзиттік елдері инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға ниетті. Дүниежүзілік банктің баяндамасына сүйенсек, 2040 жылға дейін ең басты жобаларға 25 млрд доллар жұмсалуы қажет. Ал қосымша жұмыстар тағы 30 млрд долларды қажет етеді. Бұл ретте халықаралық қаржы ұйымы Қазақстанда жүзеге асқан және жалғасып жатқан жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Соның ішінде Бақты – Аягөз, Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу және Ақтау портын жаңғырту жұмыстары салаға серпін берері сөзсіз.

Каспийде жаңа порт салынады

Каспий теңізінің жағалауында жаңа порт салынады. Мұны «Қазақ инвест» ұлттық компаниясы мәлімдеді. Қытайлық инвестормен тиісті келісімшартқа қол қойылған. Жер тедімі бекітілді. Жобаға бір млрд доллар инвестиция тартылады. Бұл Орта дәліздің мүмкіндігін кеңейтері сөзсіз. «Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында теміржол желілері арқылы шамамен 30 млн тоннадан астам жүк тасымалданып жатса, жаңа порт іске қосылған соң, тауар көлемі әлдеқайда артады», - дейді мамандар. Құрылыс жұмыстары келер жылы басталып, 3-4 жылға созылады.

 Сұлтанғали Кенжеқұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Жаңа порт салынады. Порттың мүмкіндігі – жылына 25 млн тонна жүк тасымалдау. Қытайдан Еуропаға өтетін тауарларды Қазақстан арқылы өткізіп, жүктерді Каспий теңізіне жеткізу және Каспийден әрі қарай Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңізге тасымалдау көзделеді. Екінші мәселе – Еуропадан келген тауарларды Қазақстан арқылы Қытай, Жапония, Корея және Вьетнам елдеріне жөнелту.

Цифрлық жүйе жүк тасымалын жеделдетеді

Халықаралық көлік дәліздерінің жай-күйін жолдың сапасымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Тауар тасымалын тездетуге цифрлық жүйелер оң ықпал етеді. Мұны Мемлекет басшысы атап өтті. Бүгінде салада бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптаса бастады. Ең басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді біріктіретін цифрлық терезе. Қазақстан мен Қытай осындай инновациялық жүйелерді бірлесе пайдалануға ниетті.

Сондай-ақ оқыңыз: