Қазақстан біртіндеп баламалы қуат көздеріне көшеді – Президент

Қазақстанда 2050 жылға дейінгі көміртек шығарындыларын азайту бойынша тұжырымдама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш ұйымдастырған Өндіруші салалардағы мәселелер жөніндегі жаһандық онлайн жиында айтты.

Президент өз сөзінде Қазақстан біртіндеп баламалы қуат көздеріне көшетінін мәлімдеп, бұл мақсатта нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Коронавирус індетінен кейінгі қалыпқа келу кезеңі қоршаған ортаны қорғау мәселесіне жіті назар аударуға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан көміртексіздендіру экономикасын дамытуға бел буды. Біз ТМД елдері арасында Париж келісімін қолдап, Тұрақты даму мақсаттарына қолжеткізуге бағытталған климаттық саясатқа белсенді араласып кеткен бірінші мемлекет болдық. Былтыр желтоқсан айында өткен климат саммитінде мен Қазақстанда 2060 жылға дейін көміртекті шығару көрсеткіші төмендейтінін айтқан едім. Қазір біз әлемдегі энергияны ең көп өндіретін елдер қатарындамыз. Өйткені өндіруші сектор өнеркәсібіміздің 50 процентін құрайды. Электр энергиясының 70 проценті әлі күнге дейін көмір өндірісіне тәуелді. Осы орайда Қазақстан бұл салаға өзгеріс енгізіп, экологияны қорғауға басымдық беріп отыр. Қазір елдің 2050 жылға дейінгі көміртек шығарындыларын азайту бойынша тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Көмір жағып алынатын энергияны азайту үшін электр энергиясын дамытудың ұлттық жобасы дайындалуда. Бұл жоспар аясында газ, гидроэнергетика және басқа да баламалы энергия көздеріне басымдық берілмек. Сондай-ақ алдағы 5 жылда 2 миллиард ағаш отырғызу көзделген. Жүйелі саясат пен инвестиция құю арқылы біз жасыл экономиканы дамытуға үлкен қадам жасай аламыз. Ол үшін мемлекетпен қатар бизнес өкілдерінің де қаражат бөлгені жөн. Біз Ковид-19 пандемиясы дәуірінде барлық елдің қаржы секторында бірігіп, үйлестірілген көп жақты әрекеттерді қолдаймыз. Экономиканы экологиялық тәсілдермен қалпына келтіру – Тұрақты даму және Париж келісімі аясында 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі басты мақсаттардың бірі. 2021 жыл бізге климаттың күрт өзгеруін тоқтатуға мүмкіндік берді. Алайда қоршаған ортаны қорғау арамызда сауда мен инвестиция салаларын дамытуға кедергі болмауы керек.