425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Асқар Мамин халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды

  • 304
  • UPD: 12:03, 25.05.2021
Асқар Мамин халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19-бен ауыру жағдайының тұрақтануы байқалады. Вирустың репродуктивті индексі – 0,95. Инфекциялық төсек орындар 33%-ке, реанимациялық төсек орындар 26%-ға толы. Алты өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 млн екпе жасалды, оның ішінде 2 млн адам бірінші компонентті, 1 млн адам екінші компонентті алды. Елде вакциналардың жеткілікті көлемі бар, олардың қоры толықтырылып отырады. Егу пункттерінің санын арттыру бойынша шаралар қабылдануда.

Үкімет басшысы халықты вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды.

«Қазіргі таңда егу науқанын кеңейту – пандемиямен күресудегі ең маңызды міндет», – деді А.Мамин.

Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Ashyq қосымшасын «Вакцинация» модулімен және Egov-тағы вакцинация паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы