Пойыз кешіксе, өтемақы сұрай аласыз

Біздің елде пойыздардың кестеден кеш келуі үйреншікті көрініс.

Бірақ сол үшін өтемақы сұрауға болатынын көбіміз біле бермейміз. «Қазақстан темір жолы» компаниясының ресми сайты өтемақыны өндіру жөнінде ақпарат таратты. Сәуірден бері шойын жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Осы себепті пойыздардың қозғалысында өзгеріс бар. «Темір жол көлігі» Заңының 80-бабы, 3-бөліміне сәйкес, «пойыздардың жөнелтілуі мен келуіндегі кідірістерге байланысты өтемақы төлеу қарастырылған» делінген хабарламада. Өтемақы көлемі билет құнының 3 проценті шамасында және ол әр кешіккен сағаты үшін қосылып отырады. Азаматтардан тек өтініш қана талап етіледі. Бірақ алдымен вокзалдағы кезекші қызметкерге пойыздың кешіккен уақытын жаздырып алу керек. Содан соң 30 күн ішінде билет, жеке куәліңізбен бірге Қазақстан темір жолы компаниясының кез келген бөлімшесіне барып, тиесілі өтемақыңызды ала аласыз.

ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАРЖЫСЫ ҮНЕМДЕЛЕДІ

Енді ұлттық қордың ақшасын үнемдеп жұмсауға басымдық беріледі. Естеріңізде болса, мамырда Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаржысын үнемдеу туралы тапсырма берген еді.

Биылдың өзінде кепілдендірілген трансфертті 2,7 трлн теңгеге, 2022 жылы 2,4 трлн, 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін қысқарту көзделген

Есесіне, Ұлттық қордың жинақтау функциясы күшейтіледі. Ол үшін қор концепциясына тиісті өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде контрциклдық бюджет саясатын іске асыру мүмкіндігі туды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты. «Контрциклдық қағида мұнай бағасы жоғары болған кезде Ұлттық қордың ақшасын жинауға, ал төмен болған жағдайда кепілдендірілген трансфертті ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Осылайша шамадан тыс шығындар мен қарыз алуға итермелейтін факторлардың көбеймеуін қадағалауға болады»–, деді ол. Контрциклдық бюджет саясаты 2023 жылы республикалық бюджетті жасақтау кезінде қолданылады.

Айта кетейік, Ұлттық қордың ақшасы тікелей мұнай бағасына тәуелді. Сондықтан биыл Ұлттық банкпен бірлесіп мұнайдың есептік бағасын айқындау тәртібін әзірлеу жоспарланған.

ЕЛДЕ ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БИДАЙДЫҢ ҮЛЕСІ 80% ЖЕТТІ

Елде жоғары сапалы бидайдың үлесі 80 %-ке жетті. Осыдан екі жыл бұрын көрсеткіш 50 процент болған. 2020 жыл ырыздығын жерден терген шаруалар үшін оңайға соқпады. Сондықтан олардың еркін жүріп-тұруы, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқым және тыңайтқыштармен қамтамасыз етудің кешенді жоспары құрылды. Берілген демеуқаржы көлемі де артты. Айталық, былтыр көктемде диқандар 70 млрд теңге шамасында несие алған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәнді және майлы дақылдарды фор-фард әдісімен сатып алуға 24,5 млрд теңге бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында көктемгі егін егу және күзгі жиым-терім жұмыстары уақтылы өткен. Нәтижесінде 20 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақыл қамбаға түсті. Соның ішінде, жоғары сапалы бидайдың үлесі 80 процентке дейін ұлғайған.

Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектарға егілді. Бұл былтырғы деңгейден 78 мың гектарға көп.

ХАЛЫҚТЫҢ ПІКІРІ ҚАПЕРГЕ АЛЫНА МА?

Қазақстандықтардың саяси белсенделігі артып келеді. 4 маусымдағы мәліметке сүйенсек, «Ашық НҚА» порталында ел азаматтары 50,8 мыңнан астам пікір қалдырған. Ал билік өкілдері соның 88,5 процентіне жауап берген.

«Ашық НҚА» порталы – «Ашық үкімет» жобасының бір бөлігі. Ол  мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар құқықтық жобалардың кем-кетігін халықпен талқылауы үшін құрылған.

Онлайн платформада күні бүгінге дейін 18,7 мыңнан астам құжат жарияланған. Әсіресе, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белсенді. Сондай-ақ Қаржы, Ұлттық экономика министрлігі де бұқараға барынша ашық. Ал Төтенше жағдайлар, Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің платформаны пайдалану қарқыны төмен.

Азаматтардың дені Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген шешімдерге көзқарасын жеткізген. Оның 85 процентіне ведомство жауап қатқан. Ал халықтың жазбасына сирек реакция білдіретін құрылым – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі: мұнда жауабы берілген пікірдің үлесі 71,3% шамасында. Бұл санатта Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де бар.

Валюта бағамы

Доллар 426 теңге 75 тиын

Еуро 520 теңге 60 тиын

Ресей рублі 5 теңге 9 тиын

Сондай-ақ...