Елордада «Шаттық-2024» байқауының қорытынды концерті өтті
Бүгін елордада «Шаттық-2024» өнер байқауының қорытынды концерті өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Дәстүрлі сайыс 7 мыңға жуық таланты һәм талапты ұл-қыздың бағын сынап, қарымын шыңдауына жол ашты. Ең бастысы, ұлт руханиятына қазық болып қадалып, қызмет еткісі келетін ұрпақ бары қуантады.
Сахна төріне шыққан бұл балаларға сүйсінбеген жан кем де кем. Cебебі өрендер өнер атты әлемде өз жолын қазірден қалыптастырып келеді. Оған, әрине, «Шаттық» өнер байқауы баспалдақ болды. Нұрайлым Мейрамбек сайысқа осымен екінші мәрте қатысып отыр. Былтыр күміс жүлдені қанжығасына байласа, биыл бас жүлдені иеленді. Қара домбыраны серік еткен талантты қыздың талабы таудай.
Нұрайлым Мейрамбек, «Шаттық-2024» өнер байқауының жеңімпазы:
- Дәстүрлі әннен мен 20-шақты ән білемін. Мысалы, халық әні «Ақерке», «Өзім жайлы» деген. «Не пайда» және де батырлар жыры. Бұл домбыра – қазақ халқының ұлттық аспабы. Оны жүрегім қатты қалап тұрды. Мен болашақта дәстүрлі әнші болғым келеді, себебі дәстүрлі әнді менің жүрегім қалады.
Шығармашыл ұл-қыздың шоғырын жинаған «Шаттық» байқауы осымен 17-ші жыл қатарынан өтіп отыр. Биыл оған 6-17 жас аралығындағы 7 мыңға жуық елордалық жеткіншек қатысты. Олар 10 бағыт, атап айтсақ, домбыра, вокал, театр, би, көркем өнер бойынша бақ сынады.
Фархад Сәбиев, Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінің директоры:
- Биылғы жылы балалардың ынтасы да, балалардың өнері де ұлттық құндылыққа бағышталып отыр. Президентіміз Қ. Тоқаевтың құрылтайда айтқан сөздерінде адамгершілікке және табиғатты қорғау сынды бағыттардың барлығы қамтылды. Биыл тағы да бір ерекшелік, 1 маусымда республикалық «Әншуақ» фестивалі өтеді. «Шаттық-2024» вокал номинациясындағы жеңімпаздар ары қарай өз өнерлерін республика деңгейінде паш етеді.
Жыл сайын көктемнің алғашқы күнімен шымылдығы түрілетін байқау «Жолымыз бір!» концерт-манифестімен түйінделді. Талай таланттың томағасын сыпырған өнер мерекесі бұл жолы да жаңа жас дарындарға үлкен сахнаға жол ашып берді.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Нұрғали Мамырбаев.