Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуды көздейді – Қ.Тоқаев

Қазақстан мен Ресей арасындағы бекеттерді заманауи тексеру құралдарымен жабдықтау керек. Итбалықты қорғау үшін Каспийдің солтүстік бөлігінде мемлекеттік резерваттар құрған жөн. Ал киіктердің шекарадан өтуіне кедергі жасамаған дұрыс. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Бүгін онлайн форматта Қазақстан мен Ресейдің 17-өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Егер біздің тарап елде атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдаса, бұған Ресей қолдау көрсетуге ниет білдірді. Ресей Президенті Владимир Путин осылай деді. Жиында тағы не айтылды?

Бұл өңіраралық ынтымақтастықтың 17-форумы. Алғаш рет 2003 жылы Омбыда болған. Содан бері екі елде кезек-кезек өтіп тұрады. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Көкшетауда кездесуі тиіс еді. Алайда форум осы жолы онлайн форматта ұйымдастырылды. Тақырып негізінен экология мен жасыл технологияларды қамтыды. Жалпы Қазақстанның да, Ресейдің де экологиялық проблемасы ұқсас.

Су, ауа ластанған. Өндірістік қалдықтар көп. Жағдай уақыт өткен сайын күрделене түсуде. Сондықтан бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев көміртегіне тәуелділікті азайту керек дегенді алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көптеген ел осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне тәуелді болмаймыз дегенді мәлімдеді.  Жаңа реттеу тетіктері енгізіліп жатыр. Оның ішінде Еуроодақтың көміртегі салығы туралы бастамалары да бар. Қазақстан да, Ресей де әлемдегі ең көп энергия тұтынушы елдердің бірі. Электр қуатының 70 проценті көмірден алынады. Осындай жағдайға қарамастан Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуды көздейді. 

Баламалы жол бар. Бұл ретте қауіпсіз атом энергетикасына иек артамыз. Әлемнің өзге елдері сияқты. Мұны Владимир Путин де қолдады. Қолдады да, аталған станцияны ресейлік үлгіде салуды ұсынды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Біз көршілеріміздің, достарымыздың, одақтастарымыздың, соның ішінде Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарын мұқият қадағалап отырмыз. Ресей серіктестеріне, оның ішінде Қазақстанға атом электр станциясының құрылысы мен жұмысына көмек пен қолдау көрсетуді ұсынады. Ресейлік мамандар газды тазартатын тиімді қондырғыларды іске қосып, технологияларды жетілдіріп, атмосфераға түсетін жүктемені үнемі төмендетуге тырысады.

Газды таза отын ретінде пайдалану да маңызды. Бұл бағытта инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін біздің елде бірқатар жүйелі шара қабылданды. Газға баға белгілеудің жаңа нарықтық тәсілдері айқындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Біз «Қазтрансгазды» «Газпром» сияқты трансформациялау туралы шешім қабылдадық. Компания толыққанды вертикалды интеграцияланған ұлттық газ компаниясы болады. Газдың ресурстық базасын ұлғайту үшін Ресеймен бірлескен ірі жобаларды, атап айтсақ, Хвалынский және Имашевский жобаларын уақытылы жүзеге асырудың маңызы зор. «Газпроммен» коммерциялық мәселелерді тез арада шешу маңызды. Бұл аталған жобаларды іске асыруды жеделдетеді.

Экологиялық проблеманы айтқанда жасыл желектен айналып өтеміз бе?! Біздің елде 30 млн гектар жерде ғана орман қоры бар. Бұл жеріміздің 11 проценті. Көп емес. Осыны ескеріп Президент 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егуді тапсырған. Жасыл желектің жайын айта келе Қасым-Жомарт Тоқаев Аралдың проблемасына өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Арал теңізінің құрғауы ірі экологиялық апат болды. Осы орайда тұзды шөлейттер қалыптасты. Шаңды дауылдар Қазақстанның ғана емес, мұқым Орталық Азия елдерінің атмосферасына тонна-тонна зиянды тұз шығарады. Сондықтан біз өзбек тарапымен бірге Аралдың құрғаған жеріне көптеп сексеуіл егу бойынша жеке бағдарлама қабылдадық. 2025 жылға қарай 1,5 млн гектар аумақты қамту жоспарда бар.

Жайықтың жайы да форумға өзек болды. Өзен таязданып барады. Экологиясы ушыққан. Президент бұл тек Қазақстанның ғана емес, Ресей өңірлері үшін де қатер төндіруі мүмкін деді. Сөйтіп, өзен бассейндерінің экожүйесін сақтау керектігін қосып айтты. Бұл бағытта екі елдің үкіметтеріне тиісті тапсырма беріледі. Әріптесінің айтқанын Владимир Путин де қолдады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Бәріміз білеміз, Жайық пен Ертіс екі ел арқылы өтеді. Өзендер экономикалық, табиғи, тіпті мәдени маңызға ие. Сондықтан Жайық пен Ертістің бассейндерін сақтау бойынша бірлескен бағдарламалар қабылданды. Жалпы біз экожүйені сақтау бағытындағы жобаларды әрқашан қолдаймыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қызыл кітапқа енген Каспий итбалығын қорғауды күшейту керек деді. Солтүстік Каспийде мемлекеттік резерваттарды құруды ұсынды. Киікке де қорған керек. Бұған дейін қабылданған шаралар жануардың санын еселеуге сеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан аумағында менің Жарлығыммен киіктерді атуға тыйым салынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың кеңеюіне байланысты киіктер мекендейтін аумақ тарылып бара жатыр. Өз кезегінде ақбөкен мен ауыл шаруашылығы жануарлары үшін жайылымдар мен сулы жерлер азайып барады. Миграцияның ерекшелігін ескере отырып, екі ел арасында киіктердің маусымдық қозғалысында шекара қызметтеріне оларды еркін өткізуді ұсынамыз.

Экологиялық мәселені көтере келе Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елмен бірлесіп, мультмодальді тасымал бағдарламасын қабылдауды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Ресей бірлесіп экспорттаушыларға Еуропа мен басқа да елдердің транспорттық хабтарын байланыстыратын балама бағыттар желісін ұсына алады. Шығыс экономикалық форумында айтқанымдай, елдеріміздің көлік ведомстволарының тұрақты өзара әрекеті үлкен маңызға ие болып келеді. Сондықтан бүгін мультимодальді тасымалды дамыту бойынша бірлескен бағдарлама қабылдауды ұсынамын. 

Президент жүк тасымалдайтындардың да базынасын жеткізді. Әріптесі Путинге бекеттерді бақылау кешендерімен қамтамасыз ету керек деді. Бүгінде екі ел арасында автокөлік өтетін 30 бекет жұмыс істейді. Соның тек бесеуінде ғана заманауи тексеру кешені бар. Оның өзі кейде істен шығады. Бұдан бөлек Ресейдің шекара қызметі жаңа ереже енгізіп қойған.

Тексеру кезінде жүргізушілерден көліктегі жүкті түсіруді талап етеді. Салдарынан тауар бүлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің басым бағыты. Қауіпсіздік шараларына біз толық түсіністікпен қараймыз. Владимир Владимирович, сіз әсіресе Ауғанстандағы оқиғалар аясында бұл мәселенің маңызды екенін айттыңыз. Өткізу бекеттерін заманауи арнайы тексеру кешендерімен толықтай жабдықтау коммерциялық транзиттің қауіпсіздігі мен жылдамдық проблемасын да шешер еді. 

Бекеттерді жаңғырту һәм жаңарту маңызды. Себебі екі ел арасында алыс-беріс ұлғайып келеді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Биылғы жеті айда екі жақты тауар айналымы 34 процентке артып, 14 млрд долларға жетті. Ал жыл қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш орнамақ. Бұл тұрғыда өңіраралық ынтымақтастықтың маңызы зор. 

Тату көршілігі мызғымас ынтымақтастыққа ұласқан елдер арасында бүгін жиыны 13 құжатқа қол қойылды. Бұлар киік пен итбалықты қорғау, өңірлер арасындағы сауда-экономикалық байланысты жандандыруға бағытталған. Ал 18-өңіраралық форум келесі жылы Орынборда өтеді.

ПТРК көмегімен Қорған Қонысбайұлы