Сенаторлар «Референдум туралы» заңнан Елбасының атауын алып тастады

Сенаторлар «Референдум туралы» заңнан Елбасының атауын алып тастады
GOV.KZ

Сенат депутаттары «Референдум туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.

Құжаттың бұрынғы нұсқасы бойынша Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты мәселелер республикалық референдумның нысанасы бола алмайды. Сенат депутаттары бұл норманы заң жобасынан алып тастауды ұсынды. Түзету қолданыстағы Заңның 3-бабының 2-тармағы туралы болып отыр.

Сенаттың редакциясында бұл норма «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгерту» мәселелері ғана референдумның нысанасы бола алмайтынын көздейді. Енді бұл заң жобасын Мәжіліс депутаттары қайта қарайтын болады, егер олар келіссе, құжат алдағы уақытта Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.