Қызылорда облысында «Руханият» орталығы және мектеп құрылысы басталды
«Руханият жылы» аясында Қызылорда облысының өнер және мәдениет саласында серпінді, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Көпшілікті қуантқан жаңалықтың бірі барлық ауданда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханамен жабдықталған «Руханият» орталықтарының салынуы. Көпфункциялы әмбебап ғимараттарды тұрғызуға 11 миллиард 500 миллион теңге бөлініп отыр.
Кеше Сырдария, бүгін Жаңақорғандағы «Руханият» орталығы іргетасының қалануына қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерек екенін айтты. Жыл соңында пайдалануға берілетін типтік үлгідегі ғимаратта экспонаттар мен құнды құжаттар сақтайтын бөлмелер болады. Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі де осында орналасады. Одан бөлек Жансейіт ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12300 орынға арналған 21 жайлы мектептің құрылысы салынуда. Оның 10-ы биылғы жаңа оқу жылында ел игілігіне беріледі. Ал 11-і келесі жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Соның біреуі Шиелі кентінде салынатын болып шешім қабылданды. Бұл шаралардың барлығы интеллектті ұлт, ізгі қоғам мен адал азаматтарды қалыптастыру жолындағы ортақ ісіміздің бір бөлігі ғана.
500-дей тұрғыны бар ауылдың мектебі қазір апатты жағдайда. Осындағы оқушылар алдағы жаңа оқу жылында 100 орынға арналған қос қабатты білім ошағына барады.
Шопанбек Шыныбекұлы, Жансейіт ауылының тұрғыны:
- Бұған дейінгі мектебіміз ескі мектеп болатын. Қазір құлаудың алдында тұр. Сол себепті облыс әкімдігінің қызметкерлері тексеріп кеткен болатын. Міне бүгін алғысымызды айтамын. Жаңа мектеп құрылысына өте мұқтаж едік.
Шиелі ауданында да тарихи-мәдени мұраларды жаңғыртуға септігі мол орталықтың құрылысы басталды.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев