Ұлытауда Президенттің қатысуымен ұлы жиын өтеді

Бүгін Ұлытауда ұлы жиын. Жұртымыз үшін бағзыдан қасиетті саналған қоныста Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Елдік мәселе талқыға түсетін алқалы мәжіліске бұқара зор сенім артып отыр. Қалың ел «қоғамда қордаланған проблема құрылтайда шешімін тапса» дейді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қыр басында ақ шатыр. Маңына қаз қатар киіз үй тігілген. Бір кездегі тоқшылық, ит басына іркіт төгілген мамыражай шақты еске салады. Бұлайша әспеттелетін де жөні бар. Өйткені дәл осы маңда ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Ұлы жиынға Мемлекет басшысы қатысады.

Қазір қарбалас. Соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Орындықтар қойылып, ансамбль сахнада әзірлігін пысықтады. Көп ұзамай бұл маңға Мемлекет басшысы келеді.

- Аға қайырлы күн, көңіл-күйіңіз қалай? Көңіл-күй өте жақсы. Мемлекет басшысы келеді деді ме мына жерге? Иә, иә, соны естіп, заттарымды әкеліп, көрмеге қойып жатырмын осы жерден өтеді дегеннен кейін. Мына көріп тұрғандарыңыздай, бәрі өзімнің қолымнан шыққан туындылар. Мынау ер-тұрман әбзелдері. Осы жерден Президентіміз өтіп жатса онда мен таныстырам.

Құрылтай өтетін алаңда ұлттың болмысы айшықталған. Сауыт-сайман, бес қару, тазы мен қыран. Бәрі де көшпенді һәм жауынгер халық екенімізді сипаттап тұр.

- Құрым етік, бөркіңізді киіп, сықиып тұрсыз ғой. Дайындық қалай? Шүкір Аллаға. Осы киелі мекен Ұлытауымызға келіп қалдық. Президентіміз келеді деп сондай үлкен қуанышпен. Қолымызға қыранымызды алып, жанымызға құмай тамызды ертіп. Жалпы біздің Президентіміз ол осы ұлттық спортты өте жақсы көретін кісі. Құмай тазы ұстап, тазы жүгіртеді деп естиміз. Екі құмайымызды алып Жаңарқадан келіп отырмыз. Қарағанды ұлттық спорт мектебі. Тосудамыз енді.

Енді Ұлттық құрылтай хақында. Ұлы жиын Жошы Хан мазарының маңында өтеді. Бұл Ұлытаудың баурайы. Қазақ даласының қақ ортасы. Әрі беріден соң бүкіл жер-дүниенің кіндігі осы тұс.  Заманында аты шыққан хандар мен қолбасшылар мәңгілік тыныс тапқан мекен. Ел тағдыры шешілген жиындар кезінде осы төңіректе өткені тарихтан мәлім. Сондықтан Ұлытау қаймана қазаққа қастерлі қоныс. Тарихшылардың пікірінше Мемлекет басшысының ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын дәл осы топырақта өткізуі бекер емес.

Жамаладен Ибрагимов, тарихшы:

- Халқына жаны ашыған, еліне, жеріне жаны ашыған қазақтың ел басқарған көшбасшылары кеңес жасап отырған. Сондықтан да осы Ұлттық Құрылтай бүгінгі таңдағы қазақ елінің, қазақ халқының әл ауқатын көтеруге арналған, қазақтың болашақ өмір сүру құндылықтарына бағытталған үлкен келелі жиналыс болғандықтан ұлттық құрылтайдың алғашқы мәжілісін осы киелі Ұлытау жерінде жинап отыр. Енді деректерде өте көп қой, үш жүздің басын қосқан Ұлытау деп айтады. Қазақ мемлекеттілігінің алтын баспалдақтары салынған Ұлытау деп айтады. Мемлекет басшыларының табаны тиген, аттарының тұяқтарының ізі қалған жер ол дегенмен де біздің қазақ халқына үлкен рух береді деп ойлаймыз.

Бақытжан Көпбаев, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі:

- Құрылтай дегеніміз бұл көшпелі өркениеттің заңды далалық институттың қазіргі жақын тілмен түсіндіретін болсақ көпшілік болып шешетін кейбір мәселелердің қарастырылуы. Қазақ даласы қашан да қандай да бір мәселені ашықтықпен шешіп отырған. Оған куә далалық билер институтының негізі болып табылады. Ал осы Ұлттық кеңестің негізі сол билер институтының негізінде қалыптасқан жағдай болып қалуы қажет.

Жезқазғанда не өзгереді?

Құрылтай турасында бүгін әлі ақпар таратамыз. Енді Жезқазғанның жайын айтайық. Қалада шешілуге тиіс мәселе жетіп артылады. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қойнауы қазынаға толы Жезқазған 1954 жылы қала мәртебесін алып, 1973 жылы облыс орталығы атанды. Содан шаруасы дөңгелеп, тасы өрге домалады. Ал 1997 жылы Жезқазған облысы Қарағандыға қосылды. Жезқазған мен Қарағанды арасы 520 шақырым. Шалғайда жатқан өңірдің 25 жылда шаруасы мандымай қойды. Өңі қашып, сұрқы кетті.

10 адаммен тілдессек, дені бірінші суды айтты. Айтатындай-ақ. Жезғандықтардың жартысы тіршілік нәрін осы күні Кеңгір қоймасынан алып отыр. Бұл көлде ит те, құс та жүр. Ондағы су әрине гидроцех арқылы тазыртылып береді. Бірақ көлге қардың суы аз келген жылдары ішуге жарамайды.Сондықтан алыстан келетін таза су қосылады. Бірақ сапасы түзелген емес. Енді халық жаңа әкімге үміт артады.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

- Алғашқы қазір 16 млрд жуық қаражат керек. Осы «Айдос итос» деген жерасты суы бар. Соны қалаға тартуға. Енді жақында ғана бітті. Соны биылдан бастап үкіметтен қаражат сұраймыз. Сол кезде ол бәрібір де 1 жылда біте қоймас. Осы 23-24 жылдары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын.

Қалада жаңа үй аз. Көбі 1960 жылдары салынған. Мектеп пен ауруханалар керек. Әкім құрылыс қызады деп отыр. Өзекті болған және бір мәселе Жезқазғанның ішкі жолдары.

Әкім Ұлытау облысы арқылы өтетін республикалық жолдарды да жаңартамыз деп отыр. Бірінші Қызылорда мен Жезқазған арасында жол салынады. Бұл бағытта жұмыс басталған. Бірақ материал қымбаттап кетіп, құрылыс тоқтапты. Көп ұзатпай құрылысты жалғастыруға күш саламыз деді өңір басшысы. Одан бөлек Ұлытау мен Арқалық арасында тас жол пайда болмақ.

Айта берсек, жаңа әкімнің Ұлытау өңірін дамытуға қатысты жоспары көп. Біразын бүгін Президентке баяндауға дайын отыр.

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Айдос Серікболұлы