Республикалық жолды су басты. LIVE
Атырау облысы Махамбет ауданында Жайықтың деңгейі 10 метр 18 сантиметрге жетті.
Аудан орталығы мен Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына әлі қауіп төніп тұр. Осыдан 3 күн бұрын су деңгейін төмендету үшін Атырау-Орал республикалық тасжолы жырылған. Индер ауданы мен көршілес Оралға қатынайтын көліктер Атырау-Индер жолымен жүріп жатыр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз қазір Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылының тұсындамыз. Атырау-Орал республикалық тасжолы, міне, осы жерден жырылған. Сарайшық ауылына келетін судың деңгейін төмендетіп, ауылды тасқыннан қорғау мақсатында осындай шешім қабылданған. Міне тасжолдың жырылған жеріндегі ағысты көрсетейік. Өте қатты қарқынмен ағып жатыр. Жауаптылар 17 сәуірден бері осындай ағыспен ағып жатқанын айтады. Атырау-Орал тасжолы 1 жерден жырылған. Сондай-ақ 5 жерде су жолдың үстімен ағып жатыр. Мұнда көлік қозғалысы толық тоқтады. Қазір енді жолаушылар Атырау-Индер облыстық жолымен қатынап жатыр. Ол жолдың да кей жерінде су басуы байқалады.
Айта кетейік Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жол да су деңгейін төмендету мақсатында жырылған еді. Ахуал бақылауда. Қазір облыс орталығында 94 эвакуациялық пункт әзір тұр. 10 мыңнан астам орын бар. Талдыкөл ауылының 223 тұрғыны облыс орталығындағы эвакуациялық пункте.