Президент: Ескерткіш емес, нысандар салу керек

Астана аймақтардан сыйлықтар талап етпейді.

Әрбір облыс, Үкіметтің көмегімен, инвесторлардың қолдауымен өз жұмысын өздері атқаруы керек. Бұдан бөлек «ескерткіштер қоя бергеннен гөрі спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет». Атырау облысына жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы осылай деді және өңірді дамытуға қатысты тапсырмалар берді. Аймақта мұнай қоймасы салынады. Бекіренің саны көбейтіледі. Ал жыр болған «Атырау-Астрахань» жолы қашан толық жөнделіп бітеді? 

Түгін тартсаң, майы шығатын бұл өлкенің асты тұнған қазына. Үсті толған ен бай­лық. Негізгі донор қала осы Атырау. Мемлекет басшысының сөзін бірден мұнайдан бастауы да осыдан. Бірінші тапсырмасы - қара алтынды сақтайтын қоймаларды көбейту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады. «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Өңделмеген балықты шетке сатуға шектеу қойылады

Атырауды айшықтап тұрған бірінші мұнай. Екінші балық. Әсіресе бекіренің жөні бөлек. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Президент зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғыртып, бекіренің санын көбейту керек деді. Аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет. Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі. Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын.

Электр және су желілері жаңартылады

Экономикаға қатысты тапсырмасын берген Мемлекет басшысы инфрақұрылымға тоқталды. Атырау облысында электр желісінің 40 пайызы тозған. Өңірдегі қуат көзінің тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев «облыстың электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту қажет» деді. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Су жүйелері де әбден ескірген. Көптеген елдімекеннің тұрғындары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Енді Үкімет пен облыс әкімдігі құбырларды жаңғыртуға тиіс. Бұл өзекті мәселе.

Атырау – Астрахань жолы қашан ашылады?

Қорған Қонысбайұлы @korgantore:

- Өңірдегі ең өзекті мәселенің және бірі Атырау - Астрахань тас жолы. 277 шақырымдық жолдың құрылысы 2018 жылы басталды. Әлі жыр болып келеді. Ойық шұңқыры өз алдына. Жолдың ені де қысқа. Жеті метрден аспайды. Апат көп. Жергілікті тұрғындар бұған «тозақ жолы» деген ат қойып алған.

Жол биыл тапсырылуы керек еді. Тапсырылмады. Құрылыстың сиырқұйымшақтанып кетуіне не себеп?

Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Құрылысы созылып кеткен себептері әртүрлі себептері бар. Кезінде ең бірінші жобадан кеткен қате-кемшіліктер бар. Соған байланысты жобаны қайтадан өзгерту жұмыстары жүргізіледі. Ал биылғы жылдары жазғы кезде кішкене битум мәселесі қиындау болды. Одан кейін инертті материалдар, Атырау облысында ең үлкен мәселесі бізде инертті материалар бәрі көрші облыстардан келеді. Бәрі тасымалмен келеді. 

Әйтеуір қазір жұмыс жүріп жатыр. 277 шақырымның бір аумағы ғана пайдалануға берілген. Әкімдік өкілі жыл соңына дейін жолдың жартысы ашылады деп отыр. Астрахан мен Түрікменстанға шығуға мүмкіндік беретін бұл жол – елдегі төртінші дәліз. Президент жөндеу жұмысын Үкіметке уақытылы және сапалы аяқтауды тапсырды. Әйтпесе «жол азабын жүрген біледі». Жұртқа қиын. 

БЛИЦ !!!

- Шұңқыр, шоқалақ. Машинаны қиратады.

- Апат жиі бола ма?

- Апат болады жиі.

- Мына жерден ештеңе қалмайды ғой. Амал жоқ жүресің ғой. Кісі жүретін жер емес қой мынау.

- Қалаға үш күн сайын келіп тұрамын ғой. Ходовойдан ходовой қалмайды. Қанша уақытта бір ауыстырып тұрасыз? В общем ай сайын ғой. Дөңгелек анау шишка-шишка.

Қорған Қонысбайұлы @korgantore:

- Дөңгелектен дөңгелек қалдырмай, сөйлесең дауыс дірілдейтін жолдың құрылысы неліктен созылып кетті дегенге жауап осы. Не керек, құрылысы келесі жылы толық аяқталмақ. Әкім орынбасары осылай деп сендірді.

Өңірде медициналық нысандар тозып тұр

Ендігісі әлеуметтік мәселе. Атырау қаласында емхана тапшы. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының ғимараттары жарамсыз күйде. Осының бәрін шұғыл шешу керек деген Президент білім беру хақында айтты.

2023 жылы 11 мектеп салынады

Бұл сала да бас бармақпен бағалайтындай емес. Балабақша жетіспейді. 17 мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер әлі бар. Проблема таяуда шешіледі. Келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынады. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев жасөспірімдерге қатысты күрделі мәселеге де тоқталды.

Энергетикалық сусындарға тыйым салына ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай. Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек.

Есірткіге қарсы бақылау күшейеді

Жастарды бұзатын және бір зат – есірткі. Қазір тіпті белең алып барады. Полиция енді бұл бағыттағы жұмысты күшейтеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін.

Президент экологияны жақсартуды тапсырды

Атыраудың экологиясы да мәз емес. Мемлекет басшысы жиында облыстағы алпауыт өндірістерге, әсіресе, мұнай-газ компанияларына ескерту жасады. Әлгілер экономика деп экологияны бұзбауы керек. Ауаны ластайтын тағы бір фактор - қоқыс полигондары. Қасым-Жомарт Тоқаев қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін жаңа кешенді тездетіп салуды міндеттеді. Тиісті жұмыс басталған.

Нұргүл Қалиева, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл буланы алаңдары 21 жылы басталды. 23 жылы аяқтау көзделіп отыр жоспар бойынша. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен қатар айтып отырмын ғой, ҚТҚ полигоны деп, оны да қалпына келтіру жұмыстары жасақталып, қазіргі уақытта жобалық құжаттарға қайтадан түзетулер енгізілген болатын. Сол қазір сараптамадан өтуде. Қашан кіріседі? Қашан бітеді? Осы 23 жылдан бастап кіріседі. Бұл жұмыстың бәрі атқарылғаннан кейін бізде атмосфера ауасының сапасы едәуір жақсарады. 04.05

Ақсақалдар кеңесінің жұмысы жанданады

Бізде «ақсақалдар кеңесі» деген бар. Бірақ бұл құрылым барлық аймақта белсенді жұмыс істемейді. Мемлекет басшысы кеңесті жандандырудың жолын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Осы орайда мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді.

Қ. Тоқаев: Аймақтардан сыйлық талап етпейміз

Атыраулықтар астананың 20 жылдығына тамаша тарту жасады. Есілдің үстіне салынған бекіре тәрізді көпір – елорданың көркін аша түсті. Сол сияқты Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығы да Атырау жұртының сыйы. Мұны мемлекет те, халқымыз да жоғары бағалайды. Алайда…

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Алайда біз келешекте аймақтардан осындай сыйлықтарды талап етпейміз, әрбір облыс мейлі жаңа болса да өз күшімен, Үкіметтің көмегімен, инвесторлардың қолдауымен өз жұмыстарын өздері атқаруы керек.

Президент: Ескерткіш емес, нысандар салу керек

Қорған Қонысбайұлы @korgantore

- Атыраудағы жиында Мемлекет басшысы бүкіл елімізге қатысты тағы бір мәселеге тоқталды. «Ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет» деді. Президенттің ылғи да айтып жүретіні «халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек».

Қорған Қонысбайұлы, Еділ Ермекбаев, Алмас Омарғалиев