Мемлекет басшысы Зүлфия Сүлейменованы қабылдады
Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады.
Министр елдегі гидрометеорологиялық жағдай мен су тасқынына дайындық жөнінде есеп берді. Сондай-ақ гидротехникалық нысандардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады. Осы мақсатта ведомство Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жуық арада тексеру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев, орталық және жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарын бірлесе жүргізуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық гидротехникалық құрылыстарды құжаттау және түгендеу ісін жыл соңына дейін аяқтау қажет екенін айтты. Жалпы республика аумағында 1806 гидротехникалық құрылыс бар. Жыл басындағы жағдай бойынша оның 1322-сі тексерістен өтті. Ал 471 нысан жөндеу мен жаңғыртуды қажет етеді.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Мемлекет басшысының бүгінгі қабылдауында елімізде қалыптасып жатқан гидрометеорологиялық жағдай туралы тиісті ақпарат бердім. Республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды осы су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы тиісті ақпарат бердім. Және де министрліктің 2023 жылға арналған жоспарлары туралы хабардар еттім.