Қ.Тоқаев: Анадан қымбат ешкім жоқ
Әйел-ана зауытта жұмыс істейді, құрылыс техникаcын жүргізеді, үйде болашақ ұрпақ тәрбиелейді.
Бәріне үлгіреді. Қазір елдегі кәсіпкерлердің 42 пайызы қыз-келіншектер. Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көпбалалы анаға арнайы грант берілген.
Қазақстанның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әйелдер жетерлік. Соларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ризашылығын білдірді. Іскер әйелдерге марапат табыстады.
Салтанатты жиынға түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдер жиналды. Ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше. Сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелден бастау алады. Бұны бүгін мерекелік іс-шараға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек.
Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сондықтан, нәзік жандылардың ел дамуына қосар үлесі өлшеусіз. Осыны тілге тиек еткен Президент қазақстандық қыз-келіншектерді мақтан етемін деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар. Халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерген спортшы аруларымыз да аз емес. Қаншама қыз-келіншектер бизнеспен айналысып, мыңдаған адамға жұмыс ұсынып отыр. Мен баршаңызды мақтан етемін! Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Президенттің айтуынша, әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір шағын және орта бизнестегі нәзік жандылардың үлесі 42 пайызға жетті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Отбасы және гендерлік саясат туралы Жаңа тұжырымдама қабылданғанын атап өтті. Құжат әйелдердің өзін-өзі дамытуға мол мүмкіндік береді. Бастысы әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты - деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көпбалалы анаға арнайы грант берілді. Ауылдағы қыз-келіншектер бизнеспен белсенді айналысатын болды. Мыңдаған әйел бизнес жобасын жүзеге асыруға мемлекеттен субсидия алатын болады. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 250 миллиард теңге жұмсалды.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы «Аруана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл сыйлық түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдерге он номинация бойынша табысталды.
Риат Шони