Ел бойынша 10 223 дауыс беру учаскесі ашылды
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүкіл республика бойынша 10 мың 223 дауыс беру учаскесі ашылды. Ал шетелдегі отандастарымызға 62 мемлекет аумағында 77 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Орталық сайлау комиссиясы ұсынған ақпаратқа сәйкес биылғы науқан барысында барлығы 12 миллион 32 мың 550 қазақстандық өз таңдауын жасауға құқылы. Ол үшін сайлау учаскесіне жеке басыңызды куәландыратын құжатты алып келу керек. Соны көрсеткеннен кейін азаматтарға бюллетень табысталады. 1 адамға бір бюллетень тиесілі. Оны алып, кабинаға кіргеннен кейін кандидат немесе партия атауының оң жағындағы шаршыға белгі қою қажет. Белгіні қарындашпен қоюға немесе оның үстін сызуға тыйым салынған. Егер сайлаушының мұршасы келмесе, бюллетеньді оның сенімді өкілі толтыра алады.