Атыраудағы экологиялық жағдай тексеріледі

Атыраудағы күрделі экологиялық жағдайға қатысты Атырау мұнай өңдеу зауыты мен "Казахстан Петрокемикал Индастриз" компаниясының үстінен прокуратура тексеріс жүргізеді.

Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова хабарлады. Оның айтуынша, кәсіпорындардағы экологиялық талап көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері бар. Былтыр Атырау мұнай өңдеу зауытының ісі сотқа жолданған. Алайда биыл да экологиялық көрсеткіштер жақсармаған. Министр бұл мәселе бойынша зауыт мен "Қазмұнайгаз" компаниясына хат жіберетінін мәлімдеді. Бұған дейін "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қамыс өртеніп, қаланы түтін басқан. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI кәсіпорны да ауаға зиянды заттарды көп шығарып, Атырауда күрделі экологиялық жағдай қалыптасты. Қаланы көк түтін тұмшалады.