Мемлекет басшысы Үкіметке нақты міндеттер жүктеді

Соңғы 5 жылда ел қазынасына 30 трлн теңгедей салық түспеген.

Әрине бұл сандардың дұрыс-бұрыстығын жіті тексеру қажет. Дегенмен, талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті. Бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке нақты міндеттер жүктеді.

Алқалы жиынға Премьер-министр, Парламент палаталарының спикерлерінен бөлек Сенат пен Мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары да қатысты.

Жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету. Бұл жаңа Үкімет алдына Президент қойған басты міндеттердің бірі. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, соңғы 1 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі тіркелмеген. Ал инфляция болса Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп қолға алған шаралары нәтижесінде баяулаған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қабылданып жатқан шаралар ағымдағы жылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр: құрылыста – 16%, саудада – 12%, көлік саласында – 8%, өңдеу өнеркәсібінде 5,4% өсім қамтамасыз етілді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты.

Кәсіпкерлікті қолдау

Үкімет мүшелері экономикада даму бар дегенмен, Президент түйіні тарқамаған түйткілдерге тоқталды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Бұл өз кезегінде азық-түлік инфляциясының басты себебі болып отыр – дейді, мемлекет басшысы. Елде өндірілетін тауар көлемі ішкі сұранысты толық қамти алмағандықтан Қазақстан әлі де болса импортқа тәуелді болуға мәжбүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады. 

Президент бизнесмендерге үндеу жасады

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдеріне үндеу жасады. Президент табысты осы жерден тауып, шетелде шашуды доғаруды талап етті. Есесіне елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет. Бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. 

Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек. Барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет. Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз.

Салыққа қатысты сын

Экономика өскенімен бюджетке түсетін алымдар төмен. Кей сарапшылар бұндай тұрақсыздық салық жеңілдіктері көп болғандықтан дейді. Осы ретте Президент макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керектігін айтты. Яғни бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны тұрақсыз.

Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті. 

ЖЭО қалпына келтіру

Жиын барысында елдегі жылу электр орталықтарының жайы да айтылды. Мемлекет басшысының сөзінше бүгінде кей қалаларда нысандардың 80 пайызы тозған. Өткен жылыту маусымында жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылмаған. Сондықтан «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын дұрыс жүзеге асырып керек – деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екібастұздағы энергия торабын жаңғырту басым міндет болып табылады. Сондықтан Үкімет пен әкімдік ГРЭС-1-дің алғашқы энерго блогының уақытылы іске қосылуын және де ГРЭС-2-нің жаңа қос блоктарын салуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жобалар мемлекет масштабындағы жобалар. Екібастұздағы жылу электр орталығын жаңғырту және келесі жылыту маусымына дайындықтың барлығы жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асырылуы керек. Былтырғыдай дағдарыстың қайталануына жол берілмеуі тиіс.

500 гидротехникалық нысан әбден тозған

Кеңесте Президент өзге де инфрақұрылымға қатысты проблеманы атады. Қазір елде 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозған. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Ал 2050 жылға Қазақстан суға мұқтаж елдердің қатарына енуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан мемлекет басшысы гидроқұрылымдарды жан-жақты тексеруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек.

Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады.

Бұның басты себептерінің бірі құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, жаңа нысандарды іске қосқанмен тапшылықты жоя алмаймыз, деді Президент.

Риат Шони, Ербол Даиров, Марат Диханбаев және Алмас Омарғалиев