Президент «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені Ұлы Жібек жолы осы жерден бастау алған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын», - деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастық туралы да атап өтті.
«Тауар айналымын арттыруымыз керек. Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19%-ке өсті. Яғни, 8 млрд доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 млрд-қа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 млрд долларға жетті. Оның 45%-і Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.