Қазақстан мен Сингапурдың ынтымағы арта түспек
Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық арта түспек.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сингапур Президенті Халима Якобпен келіссөздер жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, қос ел қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Халима Якобқа ілтипат білдіре отырып, осындай күрделі кезеңде оның Сингапурды басқару ісіндегі көшбасшылық қызметіне жоғары баға берді. Айта кету керек, биыл наурыз айында екі мемлекеттің бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Президент осы кезеңде елдеріміз арасында, өзара сенімді саяси диалог пен белсенді парламентаралық байланыстар қалып-тасқанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын атап өтті.