Президенттің СҚО-ға сапары: өңір экономикасы өркендей түспек
Өзімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында осылай деді.
Президент бірнеше кәсіпорынды аралап, егістік басында диқандармен кездесті. Науқанның берекелі болуын тіледі.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан – астықтың мекені. Елде өсетін бидайдың 25%-і осы аймақтың үлесінде. Бұл жақта шыққан астық ішкі нарықтан бөлек, Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай мен Еуропа елдеріне кетеді.
Түгін тартса, майы шығатын солтүстіктің құнарлы жерінде қазір қарбалас. Диқандар білек сыбанып егісте жүр. Науқанның қызған шағында шаруаларға береке тілеп, алқапқа Мемлекет басшысы келді.
Астықты аймақтағы алқап биыл 4,5 млн гектар болады. Оның 3,2 млн гектарына бидай егіледі. Осы кезге дейін егістіктің 68%-іне тұқым себілген. Шаруалар егіннің бітік шығуынан үмітті. Жердің ылғалы жақсы дейді.
Олжас Шәймерденов, шаруа:
- Қазір мынау алқапта 260 гектар алқапта бидай өнімін егеміз. Егіс алқабын енді 20-25 центнерден аламыз ба деп үміттеніп отырмыз. Жақсылыққа жорып отырмыз, енді Мемлекет басшысы келгендіктен, жақсы өнім аламыз деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы табан тіреген «Дайындық Агро» серіктестігінің иелігінде 16 мың гектарға жуық егістік жері бар. Үкіметтен қаржылай көмек алып, техникасын жаңартқан.
Жалпы осы күні солтүстіктегі көктемгі науқанда 13 мың техника жұмыс істеп жатыр. Биыл диқандар тағы 2 жарым мыңға тарта жаңа комбайн, трактор алмақ. Президент қолбайлайтын мәселе болмаса, еңбек өнімділігін арттыру керек деді.
Биыл солтүстік аймақта қарақұмық 3, картоп, сәбіз және қырыққабат алқабы 2 есеге ұлғайтылды. Бұл теріскей жұртын толықтай жергілікті көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді. Тауар сақтау орындары да кеңейтіледі. Осы жылы 27 мың тонна өнімге арналған заманауи 7 көкөніс қоймасының құрылысы басталады.
Мемлекет басшысы шаруалармен тек егістік басында емес, қожалықта да кездесті. Заманауи сүт фермасына барды.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- 2 жарым жыл бұрын ашылған фермада осы күні мың жарым бас ірі қара бар. Оның 560-ы – сауынды сиыр. Бір сиыр күніне 30 литрге дейін сүт береді.
Симментал сиыры – ірі қараның ішіндегі ең сүттісі. Ферма күніне 18 тонна тонна өнім алады.
Оксана Бахуринская, сауыншы:
- Сізді өзіміздің кәсіпорында көргеніме қуаныштымын. Ұжым жақсы. Қожалық басшылығы жақсы жағдай жасап отыр. Жұмысымыз ұнайды. Осылайша еңбек етіп жатырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен несие беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру қажет. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек.
Жалпы облыста осы күні 100 сүт фермасы бар. Соның 30-ы заманауи үлгіде жұмыс істейді. Биыл аймақта тағы 15 ферманың құрылысы басталады. 9-ы жыл соңына дейін іске қосылмақ.
Мейрам Меңдібаев, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Біз сүн өндіруден 2-ші орындамыз. Өңдеуден 1-ші орындамыз біз. Республика бойынша. Өткен жылы 647 мың тонна сүт сауылды, жылына.
Бұл – елде өндірілетін сүттің 10%-і осы аймақтың үлесінде деген сөз. Жалпы облыста агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдікпен несие беріледі. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 млрд теңгеге 35 жоба қаржыландырылды. Мұның бәрі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, импорттан арылуға мүмкіндік беретін жобалар. Яғни, азық-түлікті қазір өзімізде өндіруге басымдық беріліп жатыр. Ал бұл бағытта солтүстік аймақтың әлеуеті зор.
Марат Тасмағанбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Импортты алмастыру мақсатында 3 құс фабрикасының құрылысына қаражат бөлінді. Оның екеуі жұмысын бастады. Алдағы уақытта үшінші фабриканы іске қосамыз. Сол кезде өңір тұрғындарының құс етіне деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, облыста асыл тұқымды қой шаруашылығы пайда болады. Май зауыты салынады. Өңір халқын жыл 12 ай көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжай салынып жатыр.
Бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама бар. Импортты алмастыру мақсатында қолға алынған жоба. Әрі сол арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау көзделген. Аты айтып тұрғандай, бағдарлама аясында тұрмысқа қажетті қарапайым заттар шығарылады. Осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорынның біріне сапар барысында Мемлекет басшысы барды. Компанияның 16 өндірістік цехі бар. Соның бірі – былтыр салынған қағаз фабрикасы. Аймақағы жалғыз зауыт. Мұнда сүлгіден бастап, офистік қағазға дейін шығарылады. Жылдық көлем – 5 мың тонна. Елге қажетті санитарлық-гигиеналық қағаздың 16%-ін осы фабрика береді.
Дәурен Қатранов, компания бас директорының орынбасары:
- Мысалы, майлық шығару үшін қазіргі кезде біз макулатура шығарамыз. Ол – қайта өңделетін зат. Макулатураны сол мемлекеттік ұйымдардан жинап, дүкен, мектептерден жинап, оны осында әкелеміз де, қайта өңдейміз. Сөйтіп, майлық жасаймыз. Орамал жасаймыз.
730-дан аса тауар түрін шығаратын компания басшылығы енді картон өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 7 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғанда 100 жаңа тұрақты жұмыс пайда болады. Сөйтіп, жылына 10 мың тонна картон шығармақ. Мемлекет басшысы елде «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және халық тұтынатын тауар түрін көбейтуге пәрмен берді. Анығында шикізаттан арылып, өнім өндіруді үдетпек керек. Қажетті затпен өзімізді өзіміз қамтамасыз ететін деңгейге жету қажет. Экономикадағы мақсат – осы.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы.