Қ.Тоқаев Люскембургтің Сыртқы істер министрін қабылдады
Көлік тасымалы, цифрландыру және "жасыл энергетика".
Бұл Қазақстанды Люксембургпен байланысын нығайтатын салалар. Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы бүгін Ақордада талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнды қабылдады. Кездесуде Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл болашағы да қаралды. Жан Ассельборнның Қазақстанға сапары бірқатар саладағы өзара байланысты дамытуға жол ашады, деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақ мерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан Сіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз
Жан Ассельборн, Люксембург Ұлы герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер министрі:
- Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық.