Президент Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Алдағы жылдары Астана тұрғындарының саны 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар.
Бірақ бұл жағдай қаланың бас жоспарында толық ескерілмеген. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бірқатар мәселеге тоқталды.
Елорданы дамыту жөніндегі кеңес
Кеңесте Мемлекет басшысы 5 мәселеге тоқталды. Әуелгісі – бас шаһарды жылумен қамтамасыз ету. Жасырып, жабатыны жоқ, өткен қыста Астанада жылу тапшы болды. Себебі басқару дұрыс емес. Мәселен, Елордада жылу электр орталығын заңгер, электр жүйесіне жауапты мекемені бағалаушы, жылу транзитін агроном, сумен қамтамасыз ететін ұйымды зоотехник басқарады. Мемлекет басшысы әркім өзі ісімен айналысуы керек деп ескертті. Екінші – су. Жаздың басында жұрт тіршілік нәрінен тарықты. Мұны Президент қатаң сынға алды. «Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты» деді. Енді кінәлі адамдар тиісті жазасын алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Бұған қоса су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ.
Президент құрылыс сапасын арттыруды тапсырды
Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тартуды бастайды. Сонымен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қарастырады. Үшінші мәселе – Тұрғын үй құрылысын ретке келтіру. Бүгінде Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылық өте көп, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды. Сондықтан барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым.
Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе шетте орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев «мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет» деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ.
Төртінші мәселе – елорданың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру. Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа теміржол вокзалына дейінгі аумақ жайлы жасыл саябаққа айналады. Тиісінше жақын маңдағы барлық көше мен аула абаттандырылады. Бесінші мәселе – елордада өмір сүру сапасын жақсарту. Мемлекет басшысы барлық тұрғынға қаладағы білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт ғимараттары, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындар қолжетімді болуы керек деді. Жалпы бас шаһардағы негізгі проблема дұрыс жоспарлаудың жоқтығынан туындап отыр. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды, - деді Президент. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Тапсырма – осы.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы.