Қазақ-тәжік ынтымақтастығы артып келеді
Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері өтіп жатыр.
Екі елдің достығын бекемдеп, сыйластығын сабақтастыратын іс-шараға тәжік Президенті арнайы келді. Эмомали Рахмонның қазақ еліне екі күнге жалғасқан жұмыс сапары барысында бірқатар салада ынтымақтық туралы келісім жасалды. Кеше Президенттер Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Ал бүгін бірқатар маңызды шараға қатысты.
Қазақстан мен Тәжікстан діні мен ділі ортақ мемлекеттер. Елге жұмыс сапарымен келген мәртебелі мейман Эмомали Рахмон мен Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Астанадағы бас мешітке барды. Олар Орталық Азиядағы ең үлкен құлшылық орнының сәулетімен танысты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құран сүрелерін оқып, қос елдің халқына бейбітшілік пен береке тіледі.
Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесі
Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қос ел басшылары Экспо аумағындағы мерекелік жәрмеңкеге ат басын бұрды. Мұнда тәжіктің кілемдері, маталары, қолөнер бұйымдары және музыкалық аспаптар қойылған. Жеміс-жидектен жасалған өнер туындылары көрменің көркін ашып тұр. Жәрмеңкеде көкөніс, қақталған жеміс пен тәтті өнімдер де ұсынылған. Тәжік ұсталары ұлттық бұйымдардың жасалу технологиясын көрсетсе, аспаздары ұлттық тағамнан дәм татқызды.
Анвар Якуби, Тәжікстанның Соғды облысы төрағасының орынбасары:
– Біз сыйымдылығы бір тонна болатын алып қазанда палау бастық. Мейманына ең дәмді ас тарту Қазақстан мен Тәжікстанның ортақ дәстүрі емес пе? Астана тұрғындарына қатты ұнады.
IT саласындағы ынтымақтастық
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға Қазақстанның озық IT өнімдері таныстырылды. Салалық ведомство басшысы Бағдат Мусин мемлекеттік органдардың азаматтармен тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін платформалар жөнінде мәлімет берді. Мәселен, сәбидің дүниеге келгенін тіркеу үшін, құжат беруге, жылжымайтын мүлік пен көлікті рәсімдеуге, проактивті өтінім беру жолға қойылған. Бұдан бөлек ғарыштан мониторинг жүргізу жүйесі мен «Отбасының цифрлық картасы» таныстырылды. Кездесу қорытындысында өзара түсіністік туралы, меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта еліміз Тәжікстанға электронды үкімет платформасын жүзеге асыру тәжірибесімен бөліседі. Ынтымақтастық аясында тәжік мамандарын елдің IT-мектептері мен ғылыми-зерттеу институттарында оқыту мүмкіндігі қарастырылады.
Қазақ-тәжік ынтымақтастығы артып келеді
Тәжікстан Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары осымен аяқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлы қонағын әуежайда шығарып салып, жылы қоштасты.
Бақыт Топтаева