Душанбеде «ЭКСПО Орталық Азия-2023» көрмесі өтіп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстан атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп автобусы мен өкпе ауруларын емдеуге арналған медициналық жабдықтар жиынтығын сыйға тартты.
Сый-сияпат «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» көрмесін аралау барысында жасалды.
Аталған көрмеге Орталық Азия елдерінің өнімдері қойылған. Мәселен, Қазақстан павильонында металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері жайғастырылған.
Мәртебелі меймандар отандық BARK Technology компаниясы әзірлеген жиілігі 20-320 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған бірегей қазақстандық медициналық аппаратына ерекше назар аударды. Бүгінде оны Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Панама, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған.