Тоқаев: Еуропаға мұнай экспортының әлеуетін арттыруға дайынбыз
Жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет.
Әйтпесе дүниежүзілік сауда бөлшектенеді. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін. Президент Берлинде осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Жоғары лауазымды саясаткерлер бас қосқан жиында қазақ басшысы тағы не айтты? Рет-ретімен Қорған Қонысбайұлы баяндайды.
Berlin Global Dialogue форумы. Алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жаһандық мәселелер айтылатын алаң. «Көшбасшылар диалогы» сессиясына қазақ басшысы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар бірінші форумға Германия канцлері, Еуропалық Кеңес Президенті, Бельгия мен Албания Премьер-министрлері, өзге де саясаткерлер, халықаралық компаниялардың және қаржы институттарының басшылары қатысты. Қазақ президенті форумның дер кезінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Себебі геосаясатта жағдай ушығып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ондаған жылдар бойғы жаһандану мен интеграция үдерісінен кейін әлем қазір бетбұрыс кезеңінде тұр. Қақтығыстар, геосаяси шиеленістер, нарықтардағы келеңсіздіктер және сауда саласындағы даулар әлемдік саяси және экономикалық тұрақтылыққа сызат түсіруде.
Сондықтан жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе дүниежүзілік сауда бөлшектенеді. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соғуы мүмкін. Ал біздің ел халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыруда айрықша роль атқаруға мүдделі. Оған әлеуетіміз жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз.
Дайынбыз деді де Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономикадағы өзгерістерге тоқталды. Мәселен былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Экономиканы әртараптандыруға күш салып жатырмыз. Бұл орайда Президент бизнеске қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Мұнысы – неміс алпауыттарын елге шақыру. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағдары инвестицияға сұранып тұрған жоба. Бұл бағытты бірлесіп дамытсақ, теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақыты екі есе қысқарады. Ынтымақтастықты арттыратын тағы бір бағыт - бұл энергия.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі.
Жаһанның жарқын болашағы үшін күш жұмылдыру қажет. Мемлекет басшысы осыған үндеді. Бұл орайда Қазақстан қарап отырған жоқ. Былтыр Президенттің бастамасымен бірінші Астана халықаралық форумы өтті. Мұндағы мақсат – жік түскен әлемдік байланысты нығайтуға ықпал ету. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Berlin және Астана форумдарын Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаң деді.
Қорған Қонысбайұлы