Тоқаев: Венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумында жасаған баяндамасында осылай деді.
БЕСІНШІ. Инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт. Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың маңызы зор – деді Мемлекет басшысы.
Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда.
Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату – дейді Тоқаев.
Оның сөзіне қарағанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ.Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет. Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құра бастағанымызды атап өтті.
Қазір біз саяси жүйені түбегейлі жаңғыртып жатырмыз. Білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құра бастадық. Әділетті Қазақстанда әр азаматтың жан-жақты дамуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса мән береміз. Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз. Жалпы, жаһандық технологиялық революция барлық елдің өркендеуіне, адамдардың дамыған және әділетті әлемде өмір сүруіне септігін тигізуі керек – деді ол сөз соңында.