Президент жаһандық жиынға қатысты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құру керек.
Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияға қатысты.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Алматы декларациясы. Бұл тарихи құжаттың қабылданғанына тура 45 жыл. Осы жылдар ішінде декларация әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің ұлы хартиясына айналды. Біраз елде ана мен бала өлімін азайтуда шешуші рөл атқарды. Осылайша, аталған құжат Алматы апорты сияқты әлемде мойындалды.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл болса, Астана декларациясына 5 жыл. Қос мерейтойға орай елордада жаһандық конференция өтті. Алқалы жиынға 70-тен аса елден делегат келсе, 1000-нан астамы онлайн қосылды. Конференцияға Мемлекет басшысы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға дайын болуы керек деді. Оған мысал – ковид. Күні кеше пандемияның адамзатты абдыратқаны көз алдымызда. Жиында Президент вируспен күрескен барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты. Сосын елдегі денсаулық сақтау жүйесіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын 3 миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді. Сонымен қатар телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
Арттыру үшін не жасалады? Алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаражат ұлғайтылады. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін денсаулық сақтау жүйесіне берілетін қаржының 60%-і осы алғашқы көмек пен клиникалық диагностикаға бағытталмақ. Қазір бұл – 56%. Сосын 655 елді мекенде медициналық нысан салынады. Хош. Мемлекет басшысы жаһандық конференцияда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
- Коалициясын құру дегеніміз – бұл Қазақстан бастаған, басқа да елдер қолдаған коалиция. Соған БҰҰ ДДҰ деңгейінде көңіл бөліп, соған қосымша қаражат бөліп, қажетті барлық мед. қызметтерді жеткізуде коалиция болып, қосымша жұмыс істеу деген сөз.
ДДҰ-ның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы болса «алғашқы медициналық көмек – денсаулық сақтау жүйесінің тамыры» деді. Басшысы Гебрейесус мырза сынды Ханс Клюге де бүгін қазақша тебіреніп, біздің жұртты Республика күнімен құттықтады.
Алматы декларациясында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің негізі қаланса, 5 жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясы – сол құжаттың заңды жалғасы. 5 жылда не өзгерді? Жауапты министрлік өкілі дәрігердің жүктемесі азайды дейді. Мәселен, 5 жыл бұрын бір ақхалаттыға 2000 мың адам тіркелсе, қазір 1700-ден келеді. Нормативтік құжаттар өзгертіліп, жұмыстың 20%-і мейірбикелерге берілді. Сөйтіп, дәрігерлерге сырқаты ауыр азаматтарға көңіл бөлуге мүмкіндік берілді. Астаналық құжаттың алғашқы жемісі – осы.