«АрселорМиттал Теміртау» тарихымыздағы ең нашар компания – Президент
Ертең ел бойынша жалпыұлттық аза тұту күні.
Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апатта көз жұмған кеншілердің жақындарымен кездесіп, көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» тарихымыздағы, ең нашар компания екенін де атап өтті. Ал апаттан зардап шеккендердің отбасына барынша көмек көрсетіледі.
Сенбінің таңы қайырлы болмады. Қарағанды жақтан қаралы хабар жетті. Шахтада тағы да апат. Оқиға орнына Мемлекет басшысы жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев опат болғандардың отбасы мен туған-туысына көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде бүгін орны толмас оқиға, қайғы, қасірет. Сондықтан мен жеке басымның атынан және Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім.
Ертең жалпыұлттық аза тұту күні
Ресми мәлімдеме «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада түнде өрт болған. Салдары осы... Ертең қаралы күн.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді.
Қ. Тоқаев: материалдық көмек көрсетіледі
Кәсіпорынның мәселесі май шаммен қаралады. Дәл қазіргі міндет - жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен азаматтар мен марқұмдардың отбасына жан-жақты көмек көрсету. Мемлекет басшысы мұны кезек күттірмейтін іс деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Қажет болса, арнайы қор ашылады. Мемлекет басшысы мұнымен өзі айналысатынын айтты. Қазір кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатыр.
Қорған Қонысбайұлы