Жаһандық оқиғалар түркілердің өзара тығыз қарым-қатынаста болуын талап етеді
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен кездесті.
Мемлекет басшысы саммит барысында көтерген маңызды бастамалары үшін Түрік басшысына алғыс айтты. Ол осынау кездесудің де екі елдің көп жақты қарым-қатынасын нығайтуға және Түркі әлемін дамытуға серпін береріне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "Түркия біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі" деді. Әріптесінің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін де жоғары бағалайтынын жеткізді. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанды және түрік халқын елдің ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Өз кезегінде түрік президенті Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитін жоғары деңгейде өткізген қазақ басшысына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Арадағы тұрақты келіссөздердің арқасында бүгінде көптеген келісімдеріміз табысты жүзеге асырылуда. Былтыр екі жақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллар болды. Осы көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде түрік капиталының үлесі бар 4300-ден астам компания қызмет атқаруда.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Саммитті табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Биыл 6 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданында мектеп салу туралы шешіміңіз үшін тағы да алғысымды білдіремін. Бұл мектеп түрік-қазақ бауырластығының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын символдарының біріне айналады деп сенемін. Жаһандағы және аймақтағы оқиғалар Түркі әлемінің өзара тығыз қарым-қатынаста болуын талап етеді.
Түрік басшысы Қ.Тоқаевқа электомобиль сыйлады
Кездесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитіне қатысқан түрік президентін елорда әуежайынан өзі шығарып салды. Реджеп Тайип Ердоған өзара құрметтің белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда шығарылған TOGG электромобилін сыйға тартты. Жаңа көлікті өзі таныстырды. Мемлекет басшысы осынау сыйға алғыс айтып, әріптесін электромобиль өндірісін табысты іске қосуымен құттықтады.