Біз Еуразиялық одақ ішінде бәсекелес болмауымыз керек – Президент
Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек.
XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақ президенті біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қолжетімді етуіміз қажет деп атап өтті. Алқалы жиында тағы не айтылды?
Өңіраралық ынтымақтастық форумы. Бұл жылда екі елде кезектесіп өтіп тұратын жиын. Биыл кезек бізде. Қостанайда ұйымдастырылған форумға екі елдің президенті Ақордадан онлайн қосылды. Ресей бағзыдан көршіміз. Заңдылықта шығар, бұл елмен барлық салада байланыс орнаған. Әсіресе экономикалық ынтымақтастықтың аясы кең. Сандар сөйлесін. (( ГРАФИКА )) Былтыр екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін 42 мыңнан астам шетелдік кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компания. Екі ел өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым салаларында тонның ішкі бауындай араласады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді.
Қостанай облысы
Биылғы жиынға Қостанайдың таңдалуы бекер емес. Тобыл жерінің аграрлық әлеуеті зор. Форумның бұл жолғы тақырыбы да ауыл шаруашылығына арналған. Білеміз, Қазақстан да, Ресей де астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Жаһандағы егістік алқабының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жердің 9 пайызы екі мемлекетке тиесілі. Бізде соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Ендігі мақсат - аграрлық секторды индустрияландыру һәм қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Халал» стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі.
Жасырып-жабатыны жоқ, экспортқа келгенде біздің кәсіпкерлер көп кедергіге тап болады. Мұны президенттер де біліп отыр. Сондықтан қазақ басшысы көлік-логистика саласындағы шектеулерді атап өтті. Сосын логистикадағы әлеуетімізге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс. Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді. Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады.
Қ. Тоқаев агроинновация орталықтарын құруды ұсынды
Мемлекет басшысы бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Бұл орталықтар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысады. Агро салада тағы бір міндет бар бұл өзіміздің дақылдардың тұқымын көбейту. Бұл орайда солтүстіктегі көршіден бізге кіріп жатқан тыңайтқыш айтарлықтай ұлғайған. Президент мұның салдарын біздің кәсіпорындар көріп отыр деді.
Қ. Тоқаев: Біз ЕАЭО аясында бәсекелеспеуіміз керек
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен. Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі. Өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қол жетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет.
Біздің ел машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдауды кезең-кезеңмен өзгертеді. Техниканы тек ірі емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыруға басымдық берілмек. Бұл орайда сарапшы өзара тәжірибе алмасуда бүгінгі форумның берері мол дейді.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
Ауыл шаруашылығы дегенде суды айналып өтеміз бе? Форумда мемлекет басшысы бұл мәселеге де арнайы тоқталды. Екі елге де ортақ Жайық, Ертістің жайын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз су секторын жаңғыртуға кірістік. Жаңадан 20 су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2027 жылға қарай қосымша 2 текше километрге жуық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда жаңа Су кодексі әзірленуде. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға ықпал еткенін атап өтті. Ал келесі 20-жиын 2024 жылы Уфада өтпек. Путин қазақ әріптесін келесі жылы өздеріне шақырды.
Қорған Қонысбайұлы