Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілестік туралы шартқа 10 жыл толды

Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жылу электр орталықтарын салуға Ресей тарапы көмектеседі.

Бүгін Ресей Президенті Владимир Путиннің елімізге жасаған ресми сапары кезінде осындай уағдаластық орнады. 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары да бекіді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин тағы қандай келісімдер жасасты?

Бір аптаға жуық уақыт өткеннен кейін құрмет қарауыл ротасы Ақорда резиденциясында қайта сап түзеді. Бүгін Қазақстанға ресми сапармен Ресей Президенті Владимир Путин келді. 

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың әріптесі Владимир Путинмен биылдыққа бесінші рет кездесуі. Бұған дейін қос ел басшылары түрлі саммиттерде жолыққан. Бірақ, арада дорба емес жорға жүретін көршімізбен талқылайтын мәселе таусылмайды. Бүгін де Путиннің ресми сапары барысында екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жайына басымдық берілді. Ең әуелі тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің барлық бағыттағы ықпалдастығының табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Мәселен, соңғы 3 жылда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 30 пайыздан асты. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ресей Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша көшбасшы екені сөзсіз. Елімізде 20 мыңнан астам ресейлік компания тіркелген. Ресей Федерациясынан тартылған тікелей инвестиция, біздің бағалауымыз бойынша, 20 миллиард доллардан асты. Соңғы екі жылда шамамен 3,5 миллиард доллар инвестиция салынды. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге құйған инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жетті. Мұның екіжақты процесс екені қуантады.

Екі ел арасында өнеркәсіптік кооперация да қарқынды дамып келеді. Кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген тараптар бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже барын айтты. Қазір жалпы сомасы 33 миллиард доллардан асатын 143 жоба жүзеге асуда. Оның 140-ы Қазақстан аумағында орналасқан екен. Бұдан бөлек мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық та белсенді түрде ілгерілеп келе жатқандығын атап өту керек. Бүгінде еліміздің аумағы арқылы Ресей мұнайы Қытайға, сондай-ақ газы Өзбекстанға тасымалданып жатыр.  Ресей мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындары екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп тұр. Ал мұның игілігін шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам көріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді. Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді.

Келіссөз барысында тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, спорт сынды салалардағы әріптестікті нығайтуды көздейтін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, еліміздің үш өңірінде жылу электр орталықтарын салу жобаларына Ресей тарапы көмек көрсетуге әзір . Бүгін екі елдің Энергетика министрлері тиісті меморандумға қол қойды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. Ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, біз көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың айқын дәлелі саналатын мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Ресеймен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейтін стратегиялық бағытқа бейілді екенін растағым келеді.

Сондай-ақ тараптар екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыру, ортақ тарихи мұраны сақтау сынды кешенді жұмыстарды атқару мәселесіне тоқталып өтті. Бұдан бөлек Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындарының филиалдарын екі елде ашу мүмкіндіктерін де қарастырды. 

Риат Шони, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысының Қазақстанға жасаған сапарының саяси және тарихи мәні зор деп бағалады. Путиннің қазақ жеріне ат басын бұруы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл Құжатқа 2013 жылы 11 қараша күні Екатеринбургте қол қойылған болатын. Ал бүгін екі ел басшылары 2024-2026 жылдарға арналған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойды. Осылайша Ресей Президентінің біздің елге жасаған ресми сапары аяқталды. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Беларусь астанасында жолығуы мүмкін. Осы айда Минскіде ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтеді деп жоспарланған. Айта кету керек, бұл ұйымға келесі болып Қазақстан төрағалық етеді.

Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев