Президент энергетика министрін қабылдады
Қысқы жылыту маусымы қалыпты өту үшін қосымша бақылау орнатылды.
5 жарым миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған. Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған Энергетика министрі айтты. Алмасадам Сәтқалиев ұлттық электр желісін дамыту үшін атқарылып жатқан шараларды және биыл маусым айында іске қосылған электр энергиясын нарықта сатудың жаңа механизмі жөнінде баяндады. Бұған қоса Мемлекет басшысына ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспары таныстырылды. Министр 10 айда елде 74,8 миллион тонна мұнай, 11,2 миллион тонна мұнай өнімдері, 48,7 миллиард текше метр газ, 93,5 миллиард кВт/cағ электр қуаты және 15,35 мың тонна уран өндірілгенін айтты. Кездесу соңында Президент жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуды айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.