Дубайда дүниежүзілік Климаттық саммит басталды

Дубайда тарихи шешім қабылданды. Әлемде алғашқы климаттық қор құрылатын болды.

Бұл 30 жылдан бері сиырқұйымшақтанып келе жатқан мәселе болатын. Әйтеуір тараптар ортақ байламға келді. Қорға дамушы елдер қаржы құяды. Климаттың өзгеруінен зардап шеккендерге жәрдем беріледі.

Бүгін Дубайда дүниежүзілік климаттық саммит басталды. Алқалы жиынға қазақ тарапын Қасым-Жомарт Тоқаев бастап барды. Мемлекет басшысы әзірге сөйлеген жоқ. Санаулы сәттен соң сөз алады.

Қорған Қонысбайұлы:

- Таяу Шығыстың сауда және қаржы орталығына айналған Дубайда бұл күндері қарбалас. Араб жерінде БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы басталды. Дубай 200-ге тарта елден шамамен 70 мың делегатты қарсы алып жатыр. Бұрын соңды бұл конференцияға осынша адам келген емес.

Саммит Дубайдың оңтүстік бөлігінде орналасқан "Экспо-Сити" аталатын шағын қалашықта өтті. 2021-2022 жылдары мұнда Таяу Шығыстағы алғашқы дүниежүзілік "ЭКСПО" көрмесі ұйымдастырылған еді.

БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші кездесуі. Қысқартып айтса COP-28. Бұл жиһандағы ең ауқымды экологиялық жиын. Конференция барысында әлемдегі климаттың жай-күйі талқыланып, дүйім дүниеге қатысты шешімдер қабылданады.

БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы 1992 жылы қабылданған еді. Осы құжатқа қосымша ретінде 1997 жылы Киото хаттамасы, ал 2015 жылы Париж климаттық келісімі бекіді. Біздің ел осының бәріне мүше. Париж келісіміне сәйкес құжатқа қол қойған барлық мемлекет,,, жаһандық температураның 2 градус цельсиядан көтерілуіне жол бермеуге және оны 1,5°C-қа дейін шектеуге һәм парниктік газды азайтуға міндетті. Еліміз ОА аймағында бірінші болып осы Париж келісімін ратификациялады және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде ұлттық стратегия әзірледі. Сәлден соң конференцияның пленарлық отырысында сөз алатын қазақ басшысы климатты жақсартуға бағытталған Қазақстанның жоба-жоспарымен бөлісбек.

Кейінгі жүз жылда әлемде парниктік газ тым көп бөлінді. Содан климаттың өзгеруі де жылдамдай түсті. Мұның зарбабы домино тізбегі іспеттес, бірінен кейін бірі кете береді. Мұздықтар еріп, су тапшы бола бастады. Экологиялық тепе теңдік бұзылды. Су тасқыны, лай көшкіні мен дүлей дауыл жиілеп, құрғақшылық қысты.

Қорған Қонысбайұлы:

- Арабтың шөл даласындамыз. Қазір мұндағы температура 30 градус. Ғалымдар 2023 жылды жер шарындағы ең ыстық жыл болды деп мәлімдеді. Жалпы жұмыр жерде соңғы сегіз жылда ауа температурасы күрт өскен. БҰҰ климаттың өзгеруі - заманның басты проблемасына айналғанын айтады.

Климаттың өзгеруіне бас қатырып жүргендердің бірі Антониу Гутерриш. БҰҰ бас хатшысы қазба отындарды жағуды тоқтату керек деген пайымда. Бас хатшы саммитте өткір мәлімдеме жасады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Жаһандық жылыну деңгейін бір жарым градусқа дейін шектеу үшін біз қазба отындарды пайдалануды доғаруымыз керек. Өндіріс орындарын жаңартылатын энергияға көшуге ынталандыру қажет. Мен осы орайда үкіметтерді баламалы қуат көзіне басымдық беруге шақырам. Егер, өндіріс орындары қазба отынынан бас тартпаса субсидияны тоқтатып, табыс салығын арттыру керек.

Осы орайда бізде 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізу және энергетика секторын толығымен жаңғырту жоспарланып отыр. Ол үшін Жамбыл, Жетісу, Ақмола облыстарында жел электр станциялары бой көтереді. Мемлекет басшысының Дубайға сапары аясында «Самұрық Қазына» Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының және Францияның алпауыт компанияларымен келісімге келді.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы:

- Сол келісімге сәйкес 3 Гигават жел электр станциясын Қазақстан салатын боламыз. Толық инвестиция көлемі 4,5 млрд доллардан астам болады. Одан басқа біз G42 еншілес компаниясымен Присайд компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрамыз. Бұл айти саласындағы Әмірліктің көшбасшы компаниясы.

Климаттың өзгеруі қазір жылдам жүріп жатқан процесс. Алысқа бармайық,,, Астананың өзіне қас бүгін түсті. Мұндай құбылыс бас қалада алғаш рет байқалды. Әйтпесе қарашаның ортасында бізде қар жататын. Президентінің кеңесшісі әрі халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі  Зүлфия Сүлейменова температураның өзгеруі әсіресе ОА аймағында қатты бақалып жатқанын айтады.

Зүлфия Сүлейменова ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

- Конференциядағы тарихи жаңалық - әлемде алғашқы климаттық қор құрылатын болды. Бұл өзі 30 жыл бойы қабылданбай келе жатқан шешім еді. Дубайда сәті туды. Қорға дамушы елдер қаржы құяды. Сөйтіп құрғақшылық, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты климаттың өзгеруінен орны толмас шығынға ұшыраған елдерге жәрдем беріледі. Біріккен Араб Әмірліктері қорға 100 миллион доллар салатынын хабарлады. Германия да 100 миллион доллар бөлуге уәде берді. АҚШ пен Жапония да шет қалмаймыз деп отыр.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы