Қазақ-қырғыз одақтастығына 20 жыл толды
«Қазақ, қырғыз – бір туған». Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық қарқын алып, байланыс нығайып келеді.
20 жыл бұрын қос мемлекет Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойды. Екіжақты саяси-дипломатиялық қатынас жаңа деңгейге көтерілді.
Атаулы күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күллі қазақ жұртының атынан президент Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы бұл құжат екі ел арасындағы бейбіт қатынастың берік іргетасы екенін атап өтті. Екіжақты сауда-экономикалық және саяси-мәдени байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Ынтымақтастық қос елдің игілігі үшін, қызмет ете беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- 2003 жылғы шарт қазақ-қырғыз қатынастарының дамуында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Біздің көпжақты мемлекетаралық байланыстарымызды тиімді ілгерілету үшін берік шарттық-құқықтық негіз қаланды. Барлық деңгейдегі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуы, сондай-ақ екі елдің халықаралық аренадағы тығыз ықпалдастығы – соның айқын дәлелі.