Тоқаев 2026 жылы сайлауға қайта түспейді

Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?

Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысымен сұхбаты кезінде осы жайында да сұрады.

Оған Қасым-Жомарт Тоқаев: – Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес, - деп жауап берді.

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейтінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым. Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам.