Мемлекет басшысы Алматыдағы Footlab орталығына барды

Президенттің Алматы қаласындағы жұмыс сапары жалғасып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардағы футбол орталығына барып, жас футболшылармен кездесті. Одан әрі тұрғындарды сумен қамту нысандарын аралады. Өзі жүктеген міндеттердің орындалуын тексерді.

Мемлекет басшысының Алматыдағы жұмыс сапары Footlab орталығымен танысудан басталды. Президенттің алдымен балалар академиясына баруы тегін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі балалар мен жастарға қолайлы жағдай жасауды талап етеді. Оның үстіне соңғы уақытта кәсіби футболдағы көрсеткішіміз де көңіл көншітеді. Ал аталмыш орталықтан келешекте әлем жұлдыздары шығуы ғажап емес.

Орталық өз тәлімгерлерін аяқдопқа өзгеше тәсілмен баптайды. Атап айтсақ,  балалар аты әлемге мәшһүр Криштуани Роналду мен Руй Кошта ойлап шығарған жаттығудың негізімен дайындалады.

Алексей Шакин, "Footlab" бас менеджері:

- Біз балалардың дерегін дәптерге жазып немесе ойша пайымдап отырмаймыз. Жас футболшылардың қарым-қабілеті әр жаттығудан кейін арнайы цифрланған нұсқада шығады. Бұл жаттығу процесіне көп көмектеседі. Балаларға да өз нәтижесін жақсартуға мотивация сыйлайды. 

Мұнда жоғары білікті 8 бапкер 50 баланы жаттықтырып жатыр. Барлығы 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жаттықтыру жоспарланған. Айта кетейік, орталықтың бас кеңсесі Лиссабонда орналасқан. Сондай-ақ, Дубайда жаттығу алаңы бар.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл қақпа әлемнің үш нүктесін байланыстырып тұр. Орталыққа келген кез келген ойыншы өзінің соққысының жылдамдығын білу үшін осы қақпаны қолданады. Кейін оның деректері арнайы таблоға шығады. Осы арқылы Дубайдағы, Лиссабондағы жаттықтырушылар біздің балалардың деректерін көре алады.

Орталықтағы озық шәкірттің бірі – Тамирлан Даниярұлы. Орталық қорғаушы позициясында ойнайтын ол кәсіби футболшы болғысы келеді. Арман жетегіндегі бозбала әр жаттығуда тыңғылықты дайындалатынын айтты.

Тамирлан Даниярұлы,  қала тұрғыны:

- Мен проф футболист болғым келеді. Маған бұл жақта жақсы ұнайды. Осы 9 станцияның барлығынан өткем, ұнады. Бұл жақта маған біз қалай тренироваться етеміз, поляда қалай заниматься етеміз солар ұнайды. Командам ұнайды. Бізде уақыт қалса дворовой футбол ойнаймын, сосын челлендж ойнаймыз. 

Бүгінде Footlab франшизасы әлемнің 60-тан астам еліне сатылған. Жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция салынды. Орталық биыл 50 мыңнан астам адам қабылдап, Алматы қаласының оқушылары арасында турнир өткізуді жоспарлап отыр. Инвестор еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар желісін ашқысы келеді. Бұл бастаманы Президент те қолдады. Ол жауапты органдарға жер телімін бөлу мәселесінде жәрдем көрсетуді және Астанада осындай футбол орталығын салуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осындай футбол лаборатория астанада салсақ дұрыс болар еді. Футболның лоборатория өте жақсы. Дүние жүзінде Лиссабонда бар, Дубайда бар, және Алматыда. Енді Астанада салу керек. 

 

Сумен қамту нысандарының құрылысы

Алматының жоғарғы бөлігі Алатаудан ағатын өзендерге тәуелді. Тау суын тұтынып отырған халық былтыр тапшылыққа тап болды. Мұздықтардың жылдам еруінің кесірінен 2,5 есе азайып, тұрғындарға ауызсу жетпей қалды. Сол мезетте Мемлекет басшысы «Балқаш» станциясындағы резервуар мен 4 скважинаның құрылысын аяқтауды тапсырды.

Мұнда былтыр 117 шақырым сумен қамту желісі салынып, 46 километр су құбыры жаңғыртылды. Осы арқылы Алматы халқының 99,3%-ін сумен қамтитын орталық желіге қосылады. Биыл тағы 142 километр су құбырын тартып, 48 шақырым желі жөндеу жоспарланып отыр. Осылайша, жыл соңына дейін тұрғындардың 99,6%-іне су жеткізіп, желілердің тозу деңгейін 53,8%-ке дейін төмендейді.

Валерий Соломко, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:

- Бұл нысан – осы жобаның жүрегі. Тұрғындарға су дәл осы жерден бөлінеді. Көлсай, Мұзтау және сол маңдағы өзге де алабтарға ауызсу жіберіледі. Осы арқылы ондаған мың адам таза ауызсумен тұрақты қамтылады.

Ендігі қадам – тіршілік көзін үнемдеу мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы ауызсуды бау-бақша баптау үшін қолданбау керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшылығына жиі шағымданады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті. Еліміз үшін су – байлық. Сол үшін оны үнемдеу – барша азаматтың міндеті.

Авторлары: Риат Шони, Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов, Алмас Омарғалиев.