Жаңа үкімет алдындағы басты міндет
2029 жылға қарай ел экономикасының көлемін 450 миллиард долларға жеткізіп, жалпы ішкі өнімді жыл сайын кемінде 6 пайызға дейін өсіру қажет.
Бұл Жаңа Үкіметтің алдында тұрған басты міндет. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, бірқатар маңызды міндет жүктеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс. Бұл ретте нақты нәтиже мен жүйелі ұстаным керек. Ағымдағы мәселелерді жедел шешумен қатар экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету маңызды. Жаңа үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы қандай мәселелер қаралды?
Жаңа Үкімет. Алғашқы кеңейтілген отырыс. Кеше ғана жасақталған министрлер кабинетінің алдында үлкен міндеттер тұр. Былтыр ел экономикасы 5,1 пайызға өскен. Даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Үкімет енді бұл көрсеткішті еселеуі тиіс. Ол үшін тың серпіліс қажет. Отандық экономиканы дамытумен қатар халықтың табысы да қарқынды артуы тиіс. Бұл өте маңызды міндет, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз.
Мемлекет басшысы бұған дейін талай рет нақты міндеттер жүктегенімен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кеткенін сынға алды. Мемлекеттік органдар кез келген бастаманы өзара келісеміз деп, уақытты созып жіберді. Қағазбастылықтан арыла алмай жүргендерге Президент жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын.
Біріншіден, бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы 5 жылда қазынадағы тапшылық 11 трлн теңгеден асқан. Президенттің сөзінше, өткен жылы қаржы министрлігі табыс жоспарын алдын ала төленген салықтар есебінен жапқан. Ал 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Қаржы саласындағы осындай олқылықтар үшін болар, жаңа Үкімет құрамында осыған жауапты министр өз орнын сақтап қала алмады.
5 жыл
Бюджет тапшылығы – ₸11 трлн
Қосымша құн салығын қайтару
₸600 млрд
уақытша тоқтатылды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды.
Президенттің көңілі толмаған тағы бір мәселе – ол қосымша құн салығына қатысты болды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны реформалау керек дейді. Мәселе салықты 12-ден 16 пайызға дейін көтерумен шешілмейді. Айта кетейік, бұл өзгерісті бұрынғы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа Салық Кодексінің аясында енгізуді жоспарлаған еді. Бұл бизнеске еш зиянын да тигізбейді деп сендірген еді, экс-министр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін.
Риат Шони, тілші:
- Президенттің салық саясатына қатысты сыны көп. Бұл саланы ретке келтіру керек. Ол үшін мемлекет басшысы Салық жүйесін толық цифрландыруды тапсырды. Бұл сала жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қазір мемлекеттік кірістер комитетінде 14 ақпараттық жүйе бар. Бірақ олардың көбі кеңінен қолданылмайды. Сондықтан президент ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді міндеттеді. Қысқасы салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық, деді Президент.
Қазір негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Шешім – шетелдік қалталы азаматтарды көптеп тарту. Бұл жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге қаржы тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек.
Әкімдер аймақтарда инвесторларды аяқтан шалмай, өңірлерді көркейтуде мүдделі болуы керек. Президент жарты жылдың нәтижесі бойынша инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатындығын айтты. Сол кезде әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысын нақты баға беріледі. Сондықтан талап қатаң болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс.
Үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн.
Инвестицияның тағы бір қайнар көзі – ол елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару. Бұл жаңа үкімет басшысына жақсы таныс. Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған кезде елге шетел асып кеткен 600 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарылған болатын. Қазір бұл ақшаға елде мектептер салынып, маңызды деген жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда өзге де құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Біздің басты міндетіміз кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді.
ЗКТ. Бүгінгі жиында Президент цифрлындару жайын да көп айтты. Сандық жүйе сан салада тиімді жұмыс істеуі керек. Сондықтан экономиканы цифрландыру ісін жалғастырып, жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдануға баса мән беру қажет. Бұл өз кезегінде жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Ал парақорлық жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет – деді, Президент. Сөз соңында мемлекет басшысы Үкімет жұмысында табыс тіледі. Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелген міндеттер мінсіз орындалатындығын айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сіз берген ауқымды тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалатын болады. Жаңартылған Үкіметтің құрамы оған дайын. Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне көп назар аударамыз. Нақты іспен айналысамыз. Нәтиже болады деп уәде беремін.
Бір сөзбен айтқанда жаңа Үкіметтің атқарар ісі ауқымды, арқалаған жүгі ауыр. Жұмыстың нәтижесі қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруымен көрінуі тиіс. Ол енді уақыт еншісінде.
Риат Шони, Ерлан Наурызбаев