Тоқаев Катарға мемлекеттік сапармен барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқевтың Катар мемлекетіне ресми сапары басталды.
Екі күнге созылатын іссапардан үлкен нәтижелер күтіледі. Катар мемлекеті Орталық Азия өңірі, әсіресе Қазақстанға айрықша мән беріп отыр. Сарапшылар бұл жолғы келіссөздер екі елдің сауда экономикалық байланыстарындағы үлкен тарихи бетбұрыс болады деп болжайды.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Біраз уақыт бұрын Қазақстанның номер бірінші борты Дохаға келіп қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Катар мемлекетінің әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Танидың өзі әуежайдан күтіп алды. Дипломатия тілінде бұл ең жақын, ең мәртебелі тұлғаларға көрсетілетін айрықша ықыластың нышаны ретінде әспеттеледі. Негізгі шаралар ертеңге жоспарланған. Бұл бірінші кезекте Катар Әмірімен, ізінше осы елдің үкімет мүшелерімен кездесу. Әлбетте дәстүрлі бизнес форум да өтеді. Инвестициялық дөңгелек үстел басында Қазақ-Катар бизнесінің өкілдері бас қосады. Айта кету керек, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас бұрыннан жолға қойылған, енді экономикалық байланыстарды нығайтудың кезегі келді. Біздің ел 60-қа жуық тауар түрі бойынша экспорттың жалпы сомасын 250 млн долларға жеткізуді межелеп отыр. Мәселен, Қазақстанның ет және басқа да азық-түлік өнімдерін өндірушілер Қатар нарығына шығуға мүдделі. Айта кету керек, Таяу Шығыс аймағына шығатын логистика жолға қойылған, бұл ретте Біріккен Араб Әмірліктерімен арадағы экспорт тәжірбиесін айтуға болады. Қазіргі таңда екі ел арасында сауда шарттарын жеңілдетіп, «халал» сертификатын мақұлдау мәселесі талқыланып жатыр. Сондай-ақ белгілігі болғандай, тікелей инвестициялар жөнінде ортақ қор құру міндеті күн тәртібінде тұр екен. Айта кететін тағы бір жайт, Қатар мемлекеті қазір туризмді дамытуға ден қоя бастады. Бұл ретте Қазақстан азаматтары осы елге визасыз 30 күнге келе алатынын атап өткім келеді. Әзірге Алматы-Доха әуе байланысы бар, бұған дейін қол жеткен келісімдер аясында биылғы жылдың ортасына қарай Астана Доха әуе бағыты ашылуы тиіс.