Мемлекет басшысы Өзбекстан сыртқы істер министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовты қабылдады.
Президент сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан бауырлас Өзбекстанмен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән береді деді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екі жақты байланыстарды тереңдету ісіне елеулі үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстан өңір халықтарының игілігі мен өсіп өркендеуіне бағытталған Өзбекстанның бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Екі елдің дамуына тың серпін беретін жаңа бағыттарды қарастыру және екіжақты тауар айналымын арттыру маңызды екені айтылды. Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін атап өтті. Президент Қазақстанның «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл жолды одан әрі Өзбекстан шекарасына жеткізу көзделіп отыр. Аталған теміржол байланысы екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.