Қ.Тоқаев «Татнефть» басшысын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қазан қаласына барды.
Мұнда Президент бірқатар кездесу өткізеді. Содан кейін «Болашақтың ойындары» турнирінің ашылу салтанатына қатысады деп күтілуде.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бүгін Қазан қаласы мәртебелі меймандарды қарсы алып жатыр. «Болашақтың ойыны» турнирінің ашылу салтанытына қатысу үшін Татарстан астанасына 6 мемлекет басшысы және өзге де елдердің ресми өкілдері жиналуда. Олимпиададан кем түспейтін байрақты кибер-бәсеке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жанкүйерлер мәре-сәре. Шаһарда күзет күшейіп, шектеу көбейгенін де айта кетейік. Бұл мұндай ауқымды шара қарсаңында қалыпты жағдай. Себебі жоғарыда айтқандай, маңызды қонақтардың қарасы қалың. Жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың борты әуежайға түс ауа қонды. Мемлекет басшысын Ресей тарапы құрметпен қарсы алды.
Қазақ басшысы салтанатты шараға дейін әдеттегідей бірқатар кездесу өткізеді. Алдымен «Татнефть» компаниясының бас директоры Наиль Магановты қабылдады. Бірлескен жобалар талқыланды.
Атап айтқанда, «Татнефть» Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған стратегиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұдан бөлек қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысуда. Қазақстандық тараппен де байланысы қарқынды. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен Қазақстанның батыс өңіріндегі көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жобалары аясында ынтымақтастық орнатқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның елдегі бастамаларын жоғары бағалады. Және кәсіпорын еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Бұдан кейін де жоспарда бірқатар кездесу бар.
Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейлдаханов