Президент Өскемен титан-магний комбинатына барды
Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде ғана емес, ТМД аумағындағы алдыңғы қатарлы емдеу мекемелерінің бірі болып саналатын онкологиялық орталықтың жұмысымен танысып, ізінше титан-магний комбинатының жұмыскерлерімен кездесті.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығы – Президенттің сапары аясында келген алғашқы нысан. Мемлекет басшысына жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сол секілді орталық радиологиялық суреттерді сақтауға, тез анықтап, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған архивтеу жүйесімен жарақтандырылған. Іргесі 1947 жылы қаланған мекеме айына 3750 адам қабылдайды. Орталықтың 39 маманы Италия, Израиль және Ұлыбританияның жетекші емханаларында оқу курстарынан өткен.
Гүлмира Сағидуллина, «Шығыс Қазақстан облыстық «Көпсалалы онкология және хирургия» орталығының директоры:
- Бүгінде біздің орталықта онкологиялық ауруларды емдеудің барлық түрлері бар. Ол – хирургия, химия терапия және сәулелік емдеу және оңалту. Сол себепті де шетелге шығудың жөні жоқ. 7-8 жыл бұрын өңір тұрғындарының дені басқа елдерге ем алуға баратын, қазір бұл тенденция азайды. Ол аз десеңіз, басқа облыстар мен көрші Ресейден де ем алуға көп келіп жатыр. Қазір, мысалы, Украина, Монғолия және Өзбекстаннан келіп ем алып жатқан пациенттер бар. Оларды біздегі заманауи қондырғылар мен жоғары технология тартады.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық аурулар деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Сол себепті орталықты дамыту жұмыстары жалғасады.
Жуырда Позитронды эмиссиялық томография, яғни адамдардың ішкі ағзаларын зерттейтін ПЭТ орталық ашылады деп күтіліп отыр. Яғни ол күрделі аруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ұжымының жұмысы даму барысын оң бағалап, дәрігерлерге табыс тіледі және заманауи орталықтарды көптеп ашу керектігін атап өтті.
Мұнан соң Мемлекет басшысы титан-магний комбинатының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған нысан титан мақтасы мен құймалары өндірісі біріктірілген, шикізаттан дайын өнімге дейін шығаратын еліміздегі ғана емес, әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аманшылық тілеймін. Өте жақсы кәсіпорын. Қарасам, озық технологиялар екен. Сондықтан Қазақстан үшін, еліміз үшін осындай кәсіпорын өте қажет.
Қазақ титаны әлемдік нарықта 14%, дүниежүзіндегі аэроғарыш саласының 20% үлесін иеленіп отыр. Ұшақтардың жапсырма бекіткіштері осы Өскемендегі комбинаттан шығады. Кәсіпорынның өнімдері 100% АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея және Үндістан сияқты индустриясы дамыған елдерге шығарылады.
Қазақстандық титан алыбы Боинг, Эйрбас, Ниппон стил, Снекма, Дженерал Электрик сияқты жаһандық компаниялармен серіктес екенін атап өткен жөн.