Қ. Тоқаев пен И. Әлиев брифинг өткізді

www.akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті  Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.

– Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.

– Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзірбайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік.  Мұның бәрі – бірегей жобалар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді. 

– Біз өз елімізде Әзербайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз  әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.

– БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді.  Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

 Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі  кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды – деді Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келіссөзі нәтижесінде мынадай құжаттарға қол қойылды:

  1. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кенесінің бірінші отырысының шешімі;
  2. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипаж мүшелерінің кәсіби дипломдарын өзара тану туралы келісім;
  3. 2017 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде докторантураға орын бөлу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
  6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (AIH) арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім;
  7. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім;
  8. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Әзербайжан Республикасының медианы дамыту агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасының  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының «Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі» жария құқық заңды тұлғасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  11. Атырау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Ширван қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
  12. Ақтау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Сумгаит қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
  13. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі (KOBIA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын іске асыру жөніндегі жол картасы;
  14. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызметі» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Арнаулы байланыс және ақпараттық қауіпсіздік қызметі арасындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.