Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді

Елде тасқынға орай қалыптасқан жағдайға байланысты жауапты лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланды.

Бүгін Қытайдағы жұмыс сапарынан елордаға ұшып келе сала Қасым-Жомарт Тоқаев бірден шұғыл кеңес өткізіп, зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек көрсетілетіндігін айтты. Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Сондай-ақ жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Премьер-Министрдің төрағалығымен Республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты шұғыл жиналыс өткізді. Барлық құзыретті органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Кінәлі тұлғалардың барлығы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Зардап шеккен адамдарға шығынның бәрі өтеледі. Үкіметте республикалық штаб құрылып, барлық мәселелерді тәулік бойы бақылауда ұстайтын боламыз.    

Шұғыл кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Жиын соңында Мемлекеттік құрылымдарға табиғи апат салдарынан болған шығын көлемін анықтау және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.