Тоқаев: Бұған сенімді болыңыздар!
Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстармен және лаңкестік әрекеттердің белең алуымен қатар, климат дағдарысы, азық-түлік, су, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында сын-қатерлер байқалатынына назар аударды.
– ШЫҰ заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет. Бұл бағытта белсенді әрі мейлінше нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бастапқы кезеңде Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру процесі басталды. Ұйымның әлеуетін өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде пайдалану керек. Бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады. Сіздер ұлттық қауіпсіздіктің әртүрлі бағытына жетекшілік етесіздер. Қазір сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресу үшін біртұтас әрі біріккен жұмыс тәсілі өте маңызды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
– Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне бұрын да, қазір де баса назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұйымның күн тәртібі бірегей саналады. Онда экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық саясат, мәдениет, гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастық және басқа да көптеген мәселе қамтылған.
– Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, кездесуге қатысушылардың ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «шанхай рухын» күшейту жолындағы жұмысына табыс тіледі.
Жиында Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Сяохун Ван, Үндістан Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довал, Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманкулов, Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Насрулло Махмудзода, Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметінің Ұлттық қауіпсіздік бөлімшесінің хатшысы Вакар Ахмад, Иран Ислам Республикасының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Али Акбар Ахмадиан Бабаки; бақылаушы мемлекеттердің өкілдері: Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Бямбажаргал Алтангэрэл, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович сөз сөйледі.